Белгілі болғандай, Түркия Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 9 спорт түріне қатысуға ниет білдірген. Аталған елден 120-ға жуық спортшы топ жаруға барын салмақ.
Естеріңізге салсақ, соңғы рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осыдан екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен еді. Доданы жоғары деңгейде ұйымдастырған түріктер Астана қаласында да қызу тартыс болатынына сенімді.
Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының басқарма мүшесі Абдухади Турустың айтуынша, аталған жарысты өткізуде тәжірибе жинақтар алған Түркия қазақстандық әріптестеріне барынша қолғабыс көрсетіп жатыр.
«Бізді ортақ тіл, тарих және мәдениет, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар біріктіреді. Біз Астанада өтетін ауқымды іс-шараға қатысуға дайынбыз. Өз тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз Бұған дейін қазақстандық әріптестермен жиі кездесіп, дайындық процесін пысықтадық. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз», - деді ол.
Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының тағы бір басқарма мүшесі Осман Басер мұндай іс-шаралар жастарды мәдениетті ғып тәрбиелеу үшін өте маңызды екенін атап өтті.
«Көшпенділер ойындарында қатысушылар спорт арқылы бір-бірімен танысады. Біздің мақсатымыз - мұраны келесі ұрпаққа сақтау. Бұл тұрғыда Қазақстан өз міндеттемелерін орындайтыны сөзсіз. Сонымен қатар, Түркияда тағы екі халықаралық құрылым көшпенділер ойындарына дайындалуда. Олар – Түркі мемлекеттері мен ТҮРКСОЙ ұйымы. Соңғысы түркі халықтарының мәдени мұрасын насихаттау және түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін көрмелер мен спектакльдер өткізеді», - деді О. Басер.
Айта кетейік, биылғы көшпенділер ойындарына Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан, Гамбия, Бруни, Эфиопия, Перу елінің спортшылары алғаш рет қатысады.