Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Моңғолиядан 135 спортшы мен жаттықтырушы қатысады

АСТАНА. KAZINFORM — Алтыншы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамызда Қырғызстанның Бішкек және Шолпан-Ата қалаларында ашылады, деп хабарлайды Монцамэ .

Фото: Монцамэ

Моңғолия құрамасы жарысқа спорттың 27 түрінен 135 спортшы мен жаттықтырушыны аттандырады. Қазіргі уақытта ұлттық құрама жарысқа дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

20 тамызда Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрі Жуковын Алдаржавхлан бастаған ресми тұлғалар спортшылармен кездесіп, оларға ұлттық туды табыстады. Ашылу салтанатында Моңғолия құрамасының туын ұлттық күрес шебері Д. Анар ұстап шығады.

Айта кетейік, бұған дейінгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Д. Анар 10 медаль жеңіп алған. Оның үшеуі — алтын медаль.

Биылғы ойындардың бағдарламасына Моңғолияның ұлттық күресі де ресми түрде енгізілді. Бұл спорт түрі бойынша жарыстарды ұйымдастыруға Моңғолияның Ұлттық күрес федерациясының өкілдері мен спорт комментаторы С. Гантуар жауап береді.

Екі жылда бір рет өтетін ойындардың ашылу салтанаты Қырғызстанда жаңадан салынған, 55 мың көрерменге арналған стадионның ашылу рәсімімен тұспа-тұс келеді.

Жалпы, биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шамамен 4 мың спортшы қатысып, спорттың 43 түрінен бақ сынайды.

Осыған дейін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3 мыңға жуық спортшы қатысатыны хабарланды.

Сондай-ақ 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының талисманы ретінде ілбіс таңдалғаны хабарланған еді. Оған Батай деген есім берілді.

Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көк бөрі мен көкпар жарыстары жеке-жеке спорттық дисциплина ретінде өткізіледі.

Бұдан бөлек, мамыр айында Бішкекте Ойындардың басталуына 100 күн қалғанын көрсететін электронды кері санақ тақтасы ресми түрде іске қосылды.