«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына волонтерлерді іріктеу басталды. Олар арнайы сауалнама толтырады, соның негізінде волонтерлердің жас ерекшелігі мен осы саладағы тәжірибесі анықталады», - деді Айзат Әбибуллақызы Kazinform агенттігі тілшісінің сұрағына жауап бере тұрып.
Оның айтуынша, дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 500-ден астам волонтер тартылмақ.
«Бүгінде елордадағы жастар орталығында 6 мыңнан астам волонтер бар. Сондай-ақ, орталық базасында волонтерлер мектебі жұмыс істейді, ол жерде еріктілер қатарына енді кіргендерге осы қызмет бойынша сабақтар өтеді», - дейді ол.
Бұған дейін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы айтқан еді.
Еске сала кетсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанда өтеді.
Айта кетейік, Астанада 8-14 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 58 ел қатысады.