Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: Көк бөріден ақтық сынға жолдама алған командалар белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көк бөріден ақтық сынға жолдама алған командалар белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Бүгін, «Қазанат» ипподромында 4 елдің шабандоздары додаға түсіп, нәтижесінде Қазақстан көк бөрі командасымен Қырғызстан көк бөрі командасы ертеңгі өтетін финалдық бәсекеге жолдама алды.
Әуелі, қазақстандық шабандоздар Түркияның көк бөрі командасын 15:1 есебімен ұтты. Келесі сайыс Қырғызстан мен Ресей командаларының арасында өткен еді. Тартыс 11:6 есебімен аяқталып, қырғызстандық шабандоздардың пайдасына шешілді. Қос команда ертең алтын жүлде үшін таласқа түседі.
«Бүгінгі ойын сәтті әрі нәтижелі өтті. Біз іріктеуден өткен, дайын қарсыластармен бетпе-бет келдік. Ойын әділ болды. Ертең финалда қырғыздармен жеңіс үшін күресеміз.», - дейді Қазақстан құрамасының шабандозы Сәмет Нұрбек.
Айта кетейік, Қазақстан командасы көк бөрінің іріктеу кезеңінде АҚШ-ты 18:0 есебімен ұтқан болатын.