Дүниежүзілік көшпенділер ойыны туралы бейнеролик «Webby Award» сыйлығына үміткер атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Lonely Planet халықаралық баспасының Қазақстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы бейнеролигі «Webby Award» сыйлығына үміткерлер тізіміне енді. Бұл марапатты АҚШ-та «Интернет-контенттің Оскары» деп жиі атайды.
− Қазақстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы бейнеролик «Мәдениет және өмір салты» санатында үздік қысқаметражды әлеуметтік видео ретінде сыйлыққа ұсынылды. Оған National Geographic тәрізді танымал желілер де қатысып жатыр, − деп жазды «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Telegram желісінде.
Жеңімпаз 17 сәуірге дейін созылатын дауыс беру арқылы анықталады.
Өткен жылы 8-13 қыркүйек аралығында елордада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткен еді. Жер-жаһанның 90-ға жуық мемлекетінен келген 2500-ге тарта спортшы бір аптаға жуық көшпенді халықтардың төл спортынан сынға түсіп, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.