Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында қазақстандық самбошылар жеті медаль алды

Фото: Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Сауд Арабиясы астанасы Эр-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында қазақ самбошылары тағы екі медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kazinform.

Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, аталған жарыстың аралас командалық сынында Еламан Қойшыбаев пен Асылжан Орынбасарова (65 келі) күміс жүлдегер атанды. Олар Азия мен Тынық мұхиты аймағынан жасақталған екінші құрама сапында күш сынасты. Асылжан Еуропа-1 құрамасындағы ресейлік балуаннан жеңілсе, Еламан Беларусь спортшысынан кеше жекелей сында кеткен есесін қайтарды.

Айта кетсек, Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында самбодан белдесулер аяқталды. Қазақстан құрамасы 7 палуан алып келген еді.

Олардың арасынан балуандар жекелей сында 1 алтын, 1 күміс пен 3 қолаға, ал миксте 2 күміс жүлдеге ие болды.

Еске салсақ, Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарына Қазақстан 9 спорт түрінен 53 атлеттен делегация жасақтап алып келді.