Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында қазақ спортшылары алғашқы жүлдеге ие болды
Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында қазақстандық спортшылар алғашқы жүлдені еншіледі, деп хабарлайды Kazinform.
Еліміздің самбо құрамасы жарысты сәтті бастап, делегация қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Темірлан Көлбай (88 келі) аса тартысты өткен ақтық айқаста сербиялық Владимир Гаичтен басым түсті.
Осылайша ол спорттың осы түрінен Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында топ жарған тұңғыш қазақ атанды.
Темірлан күндіз жартылай финалда тәжірибелі Латвия өкілі Решкодан басым түскен еді.
Ал жауынгерлік самбода финалға шыққан Асқар Абдулла (98 келі) Беларусь балуанынан жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты. Асқар оның алдында америкалық және қырғызстандық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген.
Сондай-ақ, қола медаль жолында 71 келіге дейінгі салмақтағы Сағыныш Әліпбай беларусьтік балуанынан, Еламан Қойшыбаев Армения спортшысынан мықты екенін дәлелдеді.
Ал Әділбек Сейісов жартылай финалда өзбекстандық самбошыдан жеңіліп, өз салмағында бірден 3-орын алды.
Ал Асылжан Орынбасарова (65 келі) мен Айжан Жылқыбаева (64 келі) жүлдеге қол жеткізе алмады.
«Бүгін 11 салмақта үздіктер анықталды. Бізде соның жетеуінде жолдама болды. Нәтижесінде бес палуанымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Тұңғыш чемпион шықты. Жалпы алғанда ұлттық құрама жақсы нәтиже көрсетті деп айта аламын. Енді ертең командалық сында медаль алуға барымызды саламыз», -деді самбодан бас бапкер Біржан Имаханов.
Айта кетейік, осыған дейін қазақ самбошылары Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында бір ғана жүлде алған еді. Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен жарыста Арман Сансербин (68 келі) күміс медаль алған еді.
Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарына Қазақстан 9 спорт түрінен 53 атлеттен делегация жасақтап алып келді.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық балуандар әлемдік рейтингте көш бастады.