Сыртынан қарағанда буылтық-буылтық болып томпайған бұл қапшық күдік тудырып, ішінде құдды жарылғыш зат жатқандай болады.
Бұндай жағдайда белгіленген тәртіп бойынша тиісті орындарға хабар берген кезекші жасақ жігіттері қосымша күш келгенше вокзал алаңынан адамдарды қауіпсіз жерге ауыстырып, оқиға орнын залалсыздандыру амалдарына кіріседі, деп хабарлады Көліктегі Оңтүстік-Шығыс ІІД баспасөз қызметінен Сандуғаш Мүслімова.
Жер әлемдегі болып жатқан тосын оқиғалар да дәл осындай заттан басталып, арты ауыр өкініштерге ұрындырып жатқаны қаншама. Лаңкестік әрекеттер бейбіт тұрғындарға кесірін тигізіп, қыршынынан қиып жатқанын күнделікті БАҚ жариялап, көзі ашық көрермендерді зәрезап күйге түсіріп қойғалы қашан.
Төтенше жағдай орын алған вокзалдан адамдар мен жұмысшылар тез арада шығарылып, «Арлан» арнайы жасақ тобы мен темір жол полициясы, төтенше жағдайлар бөлімі және көлік прокуратурасы қызметкерлері келіп жетті. Суық хабарды құлағы шалған халықтың да жүзі үрейлі еді.
Арнайы қондырғымен әлгі қапшықты заласыздандырған мамандар, қапшық ауызын ашқанда қыран-топан күлкіге батты да қалды. Бүкіл қозғалысты тоқтатып, елді шошытқан қапшық ішінен бомба емес кәдімгі түріктердің сүйікті асы «Дөнер Кебаб» шықты.