Дұрыс сақталмаған мерекелік тағамдардан улану қаупі бар – дәрігер

Фото: Pexels

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова Жаңа жыл мерекесін тойлау кезіндегі сақтық шараларын еске салды. 

Оның айтуынша, мереке қарсаңында қоғамдық тамақтану орындарында адамдар саны артады және мерекелік дастарқанға түрлі салат, ет және балық тағамдары, тәттілер қойылады.

– Дәл осы кезеңде тағамдардың көп дайындалуы мен ұзақ сақталуына байланысты тамақтан улану жағдайлары жиілей түседі. Сондықтан мереке кезінде тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тұрғындардың да, тамақтану объектілерінің де басты міндеті, - деді ол. 

Департамент өкілі тамақтан уланудың негізгі себептерін атап өтті: майонез қосылып, дұрыс сақталмаған салаттарды, шала піскен ет және балықты, бөлме температурасында ұзақ тұрған тез бұзылатын өнімдерді тұтыну және т.б. 

– Уланудың белгілеріне жүрек айну, құсу, іштің ауыруы және өтуі, сондай-ақ бас айналу, әлсіздік жатады. Бұл белгілер бірнеше сағаттан кейін пайда болып, 1-2 күнге созылуы мүмкін. Ауыр жағдайларда дене қызуының күрт көтерілуі байқалады. Осындай симптомдар байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет, - деді ол. 

Гаухар Қаткенованың айтуынша, тағамдарды тоңазытқышта +2…+4 °C температурасында сақтау, дайын тағамды бөлме температурасында 2-3 сағаттан артық қалдырмау, күмән тудырған өнімді мүлдем тұтынбау қажет. Ал қоғамдық тамақтану орындарының иелері мен қызметкерлері санитариялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда пойыздағы улану оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.