Дуров: Telegram Еуропалық Одақ заңын бұзды деу— әділетсіздік

Фото: Фото: Canva / Kazinform 

АСТАНА. KAZINFORM – Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров өткен жазда Францияда ұсталғаннан кейін Telegram Еуропалық Одақ заңдарына бағына бастады деген мәлімдемені жоққа шығаратынын Telegram-арнаға жазды.

Өзінің Telegram-арнасында жариялаған хабарламасында Дуров француз газетінің бұл мәлімдемесін «жалған» деп атады.

— Кеше бір француз газеті менің былтыр жазда Францияда ұсталғаным Telegram-ды ақыры Еуропа ережелерін сақтауға мәжбүр етті деп жазды. Бұл — жалған. Себебі Telegram әрдайым Еуроодақ заңдарын сақтап келеді», Telegram-ның Еуропа заңдарын бұзды деу — әділетсіздік, — деп жазды ол.

Павел Дуровтың айтуынша, ол ұсталмай тұрып-ақ қосымша мен ресми сайтта не болмаса жай ғана Google іздеу жүйесінде ‘telegram EU police’ деп терсе шығатын болған.

— Франция соттары мен полициясы ЕО заңдарында нақты көрсетілген осы ресми механизмді неге елемегені бізге түсініксіз. Бірақ Telegram-ның Еуропа заңдарын бұзды деу — әділетсіз. Қызығы, сол заңдарды елемеген — француз құқық қорғау органдарының өзі, — деді Дуров.

Сондай-ақ ол жалған ақпараттың таралуына қарсы екенін айтты:

— Мен Францияны жақсы көремін, оның полициясын құрметтеймін, сондықтан бұл туралы айтып, ешкімді ыңғайсыз жағдайға қалдырғым келмеді. Бірақ Telegram жайлы мұндай ашық жалған сөздерді де елемей қала алмаймын, — деді ол.

Дуровтың айтуынша, компания заң талаптарын орындауға тұрақты түрде инвестиция салып келеді:

— Әсіресе ЕО-да біз заңдар күшіне енерден бірнеше жыл бұрын олардың орындалуына дайындала бастаймыз, — делінген жазбада.

Еске салайық, 2024 жылғы тамызда Павел Дуров Парижде ұсталып, төрт күн қамауда болып, сот алдында жауап берді.

Француз билігі Telegram-ды 12 түрлі құқықбұзушылыққа барды деген күдікпен тергеді.

Ұсталғаннан кейінгі алғашқы мәлімдемесінде Дуров Telegram-ның БАҚ-тағы бейнесі «шынайылыққа мүлде сәйкес келмейді» деп айтқан болатын.