ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ғылым және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Абдрахманова 2020 жылы 4-5 желтоқсанда Нидерландыдағы «Excellence of Pediatrics» Педиатрия жөніндегі халықаралық онлайн конференциясында Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы 4864 оқушыға жүргізілген «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы», HBSC, сауалнамасының нәтижелерін көрсетті.
Күн сайын таңғы ас ішпейтін 11-15 жастағы жасөспірімдер, күн сайын таңғы ас ішетіндерге қарағанда, бас айналуына, бас ауруына және іштің ауыруына екі есе көп шағымданады екен. Көкөністер мен жемістерді аптасына 5-6 реттен аз жейтін жасөспірімдердің басы жиі айналады және іші ауырады. Ал аптасына болмағанда 5-6 рет тәттілерді жеу жасөспірімдердің басын ауыртады екен.
«Дұрыс тамақтанбайтын жасөспірімдер арасында денсаулыққа қатысты проблемалардың қаупі артады, сондықтан қоғамның түрлі секторларының: денсаулық сақтау, білім беру, бизнес, азаматтық қоғам, БАҚ және басқа да серіктестердің қатысуымен үнемі дұрыс тамақтану мәселесін көтеру керек», - дейді Ш.Абдрахманова.