«Дұрыс таңдау - қазақстандық тауарды сатып ал» атты ұранмен өткізілген бірінші республикалық акция тиімділігін көрсетті

АСТАНА. Желтоқсанның 12-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Индустрия және сауда министрлігі мен Эскпортты өткізу және дамыту жөніндегі «Kaznex» корпорациясы «Дұрыс таңдау - қазақстандық тауарды сатып алу» атты ұранмен өткізілген бірінші республикалық акцияны қорытындылады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталмыш шара ағымдағы жылдың қараша айының 1-і мен 30-ы аралығында өткізілген болатын. Акцияға «Рамстор», гипермаркетінің желісі бойынша Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларындағы 11 сауда орындары мен Атыраудағы «Идеал» супермаркеті қатысты.   Акция талаптары бойынша аталмыш сауда орындары Қазақстанда шығарылатын тауарлардың барлығына 15 пайыз жеңілдік жасады.

 Акцияның жабылу салтанатында Индустрия және сауда вице-министрі Тимур Жақсылықов, «әлемді жайлаған қаржылық-экономикалық дағдарыс және іскерлік белсенділіктің бәсеңсуі барысында қоғам тарапынан отандық тауар өндірушілерді қолдау маңызды.  Бұл, әсіресе, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғалы отырған тұсында ерекше назарға аларлық мәселе. Өйткені бұл шара қазақстандық нарықтағы тауарлар мен қызмет түрлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады», деді.

 Оның мәліметтеріне қарағанда, қарашаның 1-і мен 30-ы аралығында «Рамстор» желісіндегі тауарлардың сатылу көрсеткіштері алдағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 пайызға артқан. Сауда орындарындағы шырын, су, сүт өнімдері, күнбағыс майы, қақталған картоп (чипсы), қаймақ тіпті крамикалық ыдыстар мен балаларға арналған сусабындар және әйнек тазалағыш сұйықтықтарды сатып алу көрсеткіштері 40 пайызға артқан. Ал «Идеал» дүкеніндегі қазақстандық тауарлар 21,5 пайызға өскен. Шара аясында 300-ден астам тауар түрлеріне жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ сатып алушылар арасында арнайы ойындар ұйымдастырылып, 5 қалада жеңімпаз атанған азаматтар 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар алды.

 «Бұл біздің отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырып отырған алғашқы тәжірибелік акциямыз. Біз оның тауар өндірушілер үшін де, азаматтардың патриоттық сезімін қалыптастыруда да қаншалықты маңызды екендігін көріп отырмыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды біз болашақта бұдан да кең көлемде және ұзақ мерзімге ұйымдастыратын боламыз», деді вице-министр.