«Душанбе-Мәскеу» бағытындағы пойыздан 2,5 келіге жуық героин табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық шекарашылар вагон мен аккумулятор бөлігінің арасынан 2,5 келіге жуық героин тапты, деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен.

«Бейнеу шекара жасағы «Бейнеу теміржолы» шекара бөлімшесінің шекаралық наряды «Душанбе-Мәскеу» қатынасындағы №319 поездың бесінші вагонын қарап тексеру барысында есірткі затын байқады. Жалпы салмағы 2 килограмм 458 грамм героин вагон мен аккумулятор бөлігінің арасынан табылды. Олжа полиэтилен пакетіне салынып, скотчпен оралған», делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша Маңғыстау облысының құқық қорғау органдары хабарланды. Ақтау қаласының соттық сараптама институтында сараптама жасалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ есірткі затының аса ірі партиясының заңсыз тасымалдануының жолын кесу мерзімді қызметтін өтеп жүрген қатардағы жауынгер Никита Чернолихтің және оның төрт аяқты досының қырағылығының арқасында мүмкін болды, деп атап өтілген хабарламада.