Душанбеде Абайдың «Қара сөздері» таныстырылды

None
АСТАНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат - Маусымның 22-інде Душанбеде Тәжікстан Журналистерінің одағында тәжік тілінде «Панднома» деп аталатын Абайдың «Қара сөздері» кітабының тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Кітапты аудару мен шығаруды ұйымдастыру - ҚР Елшілігінің, Тәжікстан журналистер одағының және «Тәжікстан-Қазақстан» достық қоғамының бірлескен жобасы.

Іс-шараға Тәжікстанның ғылыми және шығармашылық өкілдері, қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.

Қатысушыларға «Пандноманы» таныстыра келген ҚР елшісі Әбутәліп Ахметов атап өткендей, Абайдың бұл шығармасы, өзге де туындылары секілді, әлемге кеңінен танымал бола отырып, бірнеше тілдерге аударылған. Алғашқы рет «Қара сөздер» тәжік тіліне аударылып, Ұлттық кітапханаға және Тәжікстанның белді жоғары оқу орындарына сыйға тартылады.

Шығармашылық топтар арасындағы ерекше оқиға деп аталып өтілген аталмыш бастама ТР Мәдениет министрі Абдугаффор Абдужабборовтың да баяндамасында тағы бір нақтылана келе, осы кітаптың аудармасының өте жоғары деңгейде жасалғанын және бұл Елшіліктің тәжікстандық тараппен бірлесе жүзеге асырып отырған үшінші жобасы болып отырғанын да тілге тиек етті.