Душанбеде газ қымбаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы аптада Тәжікстан астанасындағы жанармай құю бекеттеріндегі сұйытылған газ бағасы 9%-ға, яғни литріне 3,5-тен 3,8 сомониге дейін қымбаттады, деп хабарлайды news.tj .

Жеткізушілер мұны аталған жанармай түрінің Қазақстандағы бағасының қымбаттауымен байланыстырады. Өйткені, Тәжікстан аталған отынның жалпы көлемінің 70 пайызын Қазақстаннан импорттайды.

Жеткізушілер биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап, Қазақстандағы сұйытылған газдың көтерме бағасы 82-ден 101 долларға дейін, 22%-ға артқандығын хабарлады.

«Осыған сәйкес, Тәжікстанның жанармай құю бекеттеріндегі сұйытылған газдың бөлшек сауда бағасы қымбаттады», - дейді олар.

Аталған газ түрін Тәжікстанға жеткізумен 66 компания айналысады.

Былтырғы жылы республикаға 350 мың тонна көлеміндегі сұйытылған газ жеткізілген, бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 мың тоннаға артық. Отынның бұл түрінің 70 пайыздан астамы Қазақстаннан импортталған. Сонымен қатар, аз көлемді сұйылтылған газ Ресей, Түрікменстан және Қырғызстаннан жеткізілген.