Душанбедегі саммит: Орталық Азия – Ресей ынтымақтастығының жаңа кезеңі

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Душанбеде екінші «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтті. Жиында мемлекет басшылары экономикалық, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, экология, білім беру және қауіпсіздік саласындағы стратегиялық басымдықтарды талқылап, бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітті. Осы кездесулер аясында ТМД мемлекеттері басшыларының отырысы да ұйымдастырылды. Kazinform тілшісі саммиттегі маңызды мәселелерге шолу жасады.

Өңірлік серіктестіктің жаңа дәуірі

Душанбеде өткен екінші «Орталық Азия – Ресей» саммиті – геосаяси тұрғыдан ерекше мәнге ие тарихи басқосу болды. Тәжікстан астанасында өткен бұл кездесудің символдық маңызы зор. Бір жағынан, ол Орталық Азияның жүрегінде орналасқан Душанбенің аймақтық диалог алаңы ретіндегі рөлін айқын күшейтсе, екінші жағынан, өңірдің ортақ қауіпсіздік пен орнықты даму жолындағы мүдделерінің тоғысқан тұсын көрсетті.

Бұл саммиттің мазмұнынан аймақтық ықпалдастықтың жаңа сапалық деңгейге көтерілгені анық байқалды. Мемлекет басшыларының пікірлері мен ұсыныстары ортақ ұстаным мен біртұтас көзқарасты айқындады. Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы байланыс тек саяси форматтағы әріптестікпен шектелмей, экономикалық және мәдени ықпалдастықтың кең өрісін қамти бастағаны байқалды.

Фото: akorda.kz

Душанбеде өткен кездесу мен ТМД аясындағы жиындар өңірлік серіктестікті тереңдетудің басты тақырыптарын айқындады. Достастық елдерінің басшылары экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану жөніндегі нақты шараларды талқылады. Сонымен қатар, цифрлық даму, жасанды интеллект және білім саласындағы тәжірибе алмасу ТМД елдерінің ортақ күн тәртібіндегі басты бағытқа айналды.

Экономикалық ынтымақтастық: сауда мен инвестиция

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитінде серіктес мемлекеттер арасындағы тұрақты диалогтың стратегиялық мәніне ерекше тоқталды. Ол Астанада өткен алғашқы саммиттің маңызын еске ала отырып, сенім мен тұрақтылыққа негізделген саясат өңірлік үйлесімділікті арттырып, ортақ мүдделерді біріктіретін берік көпірге айналатынын атап көрсетті.

Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту және энергетика саласындағы әріптестік басты тақырыпқа айналды. Қабылданған Бірлескен іс-қимыл жоспары 50-ден астам нақты шараны қамтып, сауданы жандандыру мен өндірістік кооперацияны тереңдетуге бағытталды. Ресей Федерациясы Қазақстан экономикасына стратегиялық инвестор ретінде 26 миллиард доллардан астам қаржы құйған, ал өткен жылы тікелей инвестиция көлемі 4 миллиард доллардан асты. Қазіргі таңда 33 жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың жалпы құны 4,5 миллиард доллардан асады.

- Қазақстанның сыртқы саясаты прагматикалық сипатқа ие болып, елдің ұлттық мүддесін басты назарда ұстап отыр. Душанбеде өткен екінші «Орталық Азия – Ресей» саммиті өңірлік интеграцияны күшейтудің нақты қадамы ретінде бағалануы тиіс. Бұл кездесу тек саяси келісімдерге ғана емес, сонымен қатар экономикалық ынтымақтастықты, көлік-транзит әлеуетін және инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған нақты іс-қимылдарға негізделген», – деді саясаттанушы Эдуард Полетаев.

Фото: Эдуард Полетаевтың жеке мұрағатынан

Президент саудадағы кедергілерді азайту, шекаралық сауда аймақтарын дамыту, сондай-ақ форумдар мен көрмелер ұйымдастыру арқылы өзара сауданы жандандыруды басты басымдыққа алу қажеттігін айтты.

Орталық Азияда бірлескен сауда-өнеркәсіп аймақтары мен индустриалды хабтар қалыптасып келеді.

- Бұл алаңдар өндірісті локализациялауға, кооперацияны дамытуға және тасымал инфрақұрылымын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ресейлік кәсіпкерлердің қатысуы тауарлардың ұзақ уақыт бойы тұрақты айналымда болуына оң әсер етеді, – деді Президент.

Көлік-логистика – аймақтық ынтымақтастықтың өзегі

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын аймақтық ынтымақтастықтың негізгі тірегі деп атады. Қазақстан географиялық тұрғыдан Еуразиялық көлік-логистика желісінің өзегі болып, Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тиімді байланыстыра алады. Ресей – өңір мемлекеттерінің әлемдік нарыққа шығуына негізгі қақпа.

Фото: freepik.com

Мемлекет басшысы Қазақстан аумағы арқылы өтетін 11 халықаралық көлік дәлізінің маңызын ерекше атап өтіп, соңғы 15 жылда салаға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салынғанын, жүк тасымалы тұрақты өсіп келе жатқанын айтты. Соңғы үш жылда Ресейден Орталық Азияға Қазақстан арқылы тасымалданатын теміржол жүгі 26 пайызға өсіп, 30 миллион тоннадан асты. Кері бағыттағы транзит көлемі 50 пайызға көбейген. Ал Ресейден Қытайға еліміз арқылы өтетін жүк ағымы үш есе артқан.

Президент Үкіметке 2030 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа теміржол салу және 11 мың шақырым автомобиль жолын жөндеу міндетін жүктеді. Сонымен қатар, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясында еуразиялық бағытты дамыту кеңесін құру ұсынылды.

- Бірлесе күш жұмылдырып, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясындағы еуразиялық бағытты дамыту кеңесін құруды ұсынамын. Кеңесті елдеріміздің көлік ведомстволарының басшылары басқара алады, оған сарапшылар мен кәсіпкерлерді тартуға болады», – деді Президент.

Энергетикалық серіктестік және инновациялар

Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық мәніне ерекше тоқталды.

- Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның үшжақты газ одағының арқасында өңірде жаңа энергетикалық жүйе қалыптасып келеді. Бұл халық пен өнеркәсіпті көгілдір отынмен сенімді түрде қамтамасыз етеді, – деді Президент.

Саммитте Каспий құбыры консорциумының маңызы да айтылды. Былтыр дәл осы желі арқылы шамамен 63 миллион тонна қазақстандық мұнай экспортталған. Сонымен қатар шығыс бағытындағы тасымал әлеуеті артып, Қазақстан Ресей мұнайын Қытайға жеткізуде маңызды рөл атқаратыны айтылды.

Президент атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Росатом» компаниясының қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастенов Ресей атом энергетикасы саласында Орталық Азияда өз позицияларын белсенді күшейтіп отырғанын айтты.

Фото: ҚСЗИ

- «Росатом» компаниясы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен келісімдерге қол қойып, жаңа энергетикалық архитектураны қалыптастыруда. Атомдық сала тек заманауи ғылыми шешімдерді қажет қылмай, сонымен бірге жоғары деңгейдегі мамандар даярлауды талап ететін стратегиялық бағыт. Қазақстан үшін бұл сала ерекше маңызға ие, себебі еліміз - әлемдегі ірі уран қоры мен негізгі шикізат жеткізушілерінің бірі, – деді ол.

Сарапшы сонымен қатар Қазақстанда Өңірлік кеңес құру, ядролық отын циклін дамыту және ғылыми-білім беру базасын нығайту – аймақтық энергетикалық ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі бағыттары екенін атап өтті.

Цифрлық трансформация мен жасанды интеллект

Мемлекет басшысы цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Жақында Астанада ашылған Халықаралық жасанды интеллект орталығы әлемдік және ресейлік компаниялармен бірлесе отырып, ұлттық цифрлық экожүйені қалыптастыруға бағытталған. Ұлттық суперкомпьютер іске қосылып, екінші құрылғыны жолға қою жоспарланған. Сонымен қатар, 400 мыңнан астам студентті қамтитын мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда.

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы бағытта ынтымақтастықты тереңдетуге, Ресеймен инновация мен ғылыми зерттеу саласында ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүдделі екенін білдірді.

Аймақ елдері бұрын-соңды болмаған экологиялық сынақтарға тап болып отырғанын да атап өткен Президент, оны еңсеру үшін үкіметтер мен ведомстволар деңгейінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Осы мақсатта Ресей мен Орталық Азия елдерінің министрлер кеңесін құру, трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізін қорғау, сондай-ақ ғарыштық мониторинг арқылы су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйін бақылау ұсынылды.

Білім мен қауіпсіздік: өңірлік ынтымақтастықтың стратегиялық бағыты

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше мән берді. Ол орыс тілінің аймақ елдерін біріктіретін ортақ құндылық ретіндегі рөлін атап өтіп, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтау және жастардың көптілділігін дамыту міндеттерін алға қойды. «Бірлігіміз – әралуандықта» ұстанымы ұлттық саясаттың басты өзегі болып қала бермек.

Жоғары білім саласындағы ынтымақтастық та стратегиялық маңызға ие. Қазіргі таңда Қазақстанның 60 университеті Ресейдің 50 жоғары оқу орнымен байланыс орнатып, Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Ел ішінде Ресейдің жетекші оқу орындарының 9 филиалы жұмыс істейді, соның ішінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының жаңа филиалы бар. Сонымен қатар, Ташкент, Бішкек және Ош қалаларында қазақстандық университет филиалдары студенттер қабылдап жатыр. Омбы мемлекеттік университеті базасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалының ашылуы Ресейдегі алғашқы шетелдік оқу орнының өкілі ретінде маңызды оқиға болып отыр.

Президент ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы ректорлар форумын Қазақстанда өткізуді, сондай-ақ университеттердің курстары мен архивтерін қолжетімді ететін бірлескен білім беру онлайн-платформасы – «Орталық Азия – Ресей» цифрлық кітапханасын құруды ұсынды.

Өңірлік қауіпсіздік мәселесі

Президент өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді басты міндеттердің бірі деп атады. Халықаралық жағдай күрделі әрі тез өзгеріп отырғандықтан, өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастық барлық сын-қатерді жеңуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру, сондай-ақ есірткі, оның ішінде синтетикалық түрлерінің заңсыз айналымын бақылау маңызды.

Бұл қатерді азайту үшін құзыретті органдар бірлескен әрекетке көшіп, Орталық Азияның өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы мен ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығы сияқты мемлекетаралық құрылымдарды күшейту қажет.

Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының жұмысы «Орталық Азия – Ресей» форматында жалғасуы тиіс. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні пайдалана отырып киберқорғаныс пен киберқылмысқа қарсы тұру шаралары іске асырылуы қажет.

Ауғанстанды қолдау және өңірлік тұрақтылық

Мемлекет басшысы Ауғанстандағы ахуалды өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды фактор ретінде атап өтіп, елді экономикалық үдерістерге тарту бойынша үйлестірілген жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.

Фото: Ф. Ваези

«Орталық Азия – Ресей» саммиті өңірлік ынтымақтастықтың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетті. Кездесу барысында мемлекет басшылары экономикалық, көлік-логистика, энергетика, білім беру, экология, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы стратегиялық басымдықтарды нақтылап, бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, өзара сенім мен тұрақтылыққа негізделген саясат өңірлік үйлесімділікті арттырып, ортақ мүдделерді тоғыстыратын берік көпірге айналады.

Сонымен қатар, саммит Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыруға, трансшекаралық экологиялық мәселелерді шешуге және білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған нақты шараларды белгіледі. Мемлекет басшысы өңірлік серіктестік тек экономикалық қатынастармен шектелмей, қауіпсіздік, мәдениет және инновация салаларында да тереңдеуі керегін ерекше атап өтті.

Жалпы, Душанбедегі саммит – Орталық Азия мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік пен көпжақты байланыстардың жаңа кезеңін айқындайтын, өңірдің тұрақтылығы мен өркендеуіне серпін беретін маңызды оқиға ретінде есте қалмақ.

ТМД елдеріндегі экономикалық интеграция мен көлік-логистика саласындағы жаңа қадамдар

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға және Ұйымның қызметін ілгерілетуге бағытталған бірқатар маңызды ұсыныстарын ортаға салды. Оның басты назарында сауда-экономикалық байланыстар мен өңірлік ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері тұрды.

Фото: Ақорда

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдері арасындағы сауда айналымы 8 пайызға өсіп, 110 миллиард долларға жеткен. Соңғы бес жылда Қазақстан мен Достастық мемлекеттері арасындағы сауда көлемі бір жарым есе ұлғайып, 38 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткіш Ұйымның әлеуетін айқын көрсетіп қана қоймай, әлеуетті мүмкіндіктердің әлі де мол екенін дәлелдейді.

Президенттің айтуынша, сауда мен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін бірнеше стратегиялық қадам қажет: нарықтарға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету, бірлескен өндірістерді іске қосу, негізгі салалардағы кооперациялық байланыстарды нығайту. Сонымен қатар инвестиция тарту, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану, цифрлық шешімдерді енгізу және өңірлер арасындағы тең дәрежелі байланыстарды дамыту – басты міндеттер қатарында. Осы мәселелер келесі жылы сәуірде Астанада БҰҰ аясында өтетін халықаралық форумда жан-жақты қаралатын болады.

Белсенді жұмыс істейтін көлік дәліздері аймақтық сауда мен экономикалық ынтымақтастықтың негізгі кепілі екеніне Президент ерекше тоқталды. Қазақстанның географиялық орналасуы Еуропа мен Азияны, Солтүстік пен Оңтүстікті тиімді байланыстыруға мүмкіндік береді. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі ТМД елдері үшін Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия нарығына тікелей жол ашса, «Шығыс – Батыс» бастамасы мен Транскаспий бағыты Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасымен ұштасып, ТМД аумағын Еуразиядағы маңызды көлік торабына айналдырады.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Қазақстан аумағында іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржол желісі ТрансҚазақстан дәлізінің негізін қалайды. Дегенмен, өңірдің көлік әлеуетін толық ашу үшін заманауи инфрақұрылым салу қажет. Осы мақсатта Мемлекет басшысы бірыңғай цифрлық көлік-логистика картасын жасауға ұсыныс жасады. Бұл карта ұлттық инфрақұрылымдық жоспарларды үйлестіріп, көлік байланыстарын толықтырып, инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүк тасымалын тиімді басқару және шығындарды азайту үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарланған.

Душанбеде өткен саммит барысында ТМД елдерінің басшылары Қазақстанның бастамасымен аймақтық сауда-экономикалық және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған нақты іс-қимыл жоспарын бекітті.

Осылайша, Мемлекет басшысының бастамалары ТМД-ның сауда-экономикалық әлеуетін арттыруға, көлік және логистика жүйесін жаңғыртуға, цифрлық және жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған нақты қадамдарды біріктіріп, өңірлік ынтымақтастықтың жаңа сапалық деңгейін айқындайды. Бұл стратегия ТМД-ны тек экономикалық ұйым ретінде емес, тұрақтылық пен өркендеу жолындағы белсенді серіктес ретінде көрсетеді.

Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтің пайымынша, ТМД жұмысының тиімділігін арттыру үшін экономикалық ынтымақтастыққа, транзиттік көлік жүйесін дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет.

Фото: Қазбек Майгелдиновтің жеке мұрағатынан

- Біріншіден, экономикалық ынтымақтастық, өйткені барлық ТМД мемлекеттері бірдей экономикалық саясат жүргізбейді, кейбірі Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Екіншіден, транзиттік көлік жүйесін дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды, өйткені бұл ішкі нарықты дамытуға және өңірлік тұрақтылыққа ықпал етеді. Азық-түлік қауіпсіздігі демографиялық өсімге тікелей байланысты. Демографиялық өсім артқан сайын азық-түлік мәселесі күн тәртібінде өзекті болады. 

Қауіпсіздік мәселесі де маңызды – терроризм, экстремизм, шекара қауіпсіздігі және трансшекаралық қылмыспен күресу күшейтілуі тиіс. Сонымен қатар, мақсатты реформалар жүргізу, мысалы Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау немесе Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында жаңа кезеңге көшу ТМД аясында саяси диалогты тереңдетуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Осылайша, ТМД елдеріндегі экономикалық интеграция мен көлік-логистика саласындағы нақты қадамдар өңірлік ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтереді. Бұл стратегия ТМД-ны тек экономикалық ұйым ретінде емес, тұрақтылық пен өркендеу жолындағы белсенді серіктес ретінде көрсетеді.

«Орталық Азия – Ресей» саммиті өңірлік интеграцияның жаңа кезеңін бастады

Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам аймақ елдерінің халықаралық аренадағы беделін арттыруға, сондай-ақ экономикалық және қауіпсіздік салаларында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Саясаттанушы Эдуард Полетаевтыңайтуынша, қазіргі геосаяси турбуленттік аймақ елдеріне қосымша сын-қатерлер тудырып отыр.

- Бұл диалог пен экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажеттігін күшейтуде, - деді ол.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастеновсаммит барысында көтерілген тақырыптарды нақтылай отырып, энергетика мен экологияға басымдық берілгенін айтады.

- Қазақстан ядролық отын циклі мен радиоактив қалдықтармен жұмыс істеу саласында өңірлік компетенциялық орталық құруды ұсынды. Экологиялық қауіпсіздік - өңірдегі мемлекетаралық өзара іс-қимылдың ажырамас бөлігі. Бұл трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізінің жағдайына қатысты, – деді ол.

Коллаж: Kazinform / Freepik

Ал Қазбек Майгелдинов ТМД мен аймақ елдерінің стратегиясын атап көрсетті.

- Ресей әлі де маңызды серіктес болып қала береді, бірақ Қазақстан және басқа Орталық Азия мемлекеттері сыртқы саясатта дербес әрекет етуге тырысады. Душамбеде өткен саммит аймақ елдерінің әртүрлі платформаларда тең жұмыс істеу қабілетін көрсетті. Бұл қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында икемділікті сақтап, әртүрлі серіктестермен ынтымақтастық арқылы өз мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Осылайша, сарапшылар пікірі бойынша, саммит аймақ үшін стратегиялық маңызды болып, экономикалық, энергетикалық және қауіпсіздік салаларында нақты іс-қимылдарға негізделген ынтымақтастықты көрсетеді. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатының прагматикалық бағыты мен аймақ елдерінің бірлескен күш-жігерінің жемісі ретінде бағаланып отыр.