Дүйсенбі күні республиканың басым бөлігінде жел тұрып, бұршақ жауады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні республиканың басым бөлігінде ауа райының тұрақсыздығы сақталады, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі «Қазгидрометке» сілтеме жасап. Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, тек батыс өңірде ғана ауа райы жауын-шашынсыз болады.

Жамбыл облысында қатты дауыл тұрып, 18-23 м/с-қа дейін жел уүшейеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында жел тұрып, найзағай ойнайды, түнде және таңертең тұман түседі деп күтілуде. Шығыс Қазақстан мен Ақмола облысында күндіз бұршақ жаууы ықтимал. Қостанай, Алматы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында 15-20 м/с-қа жел күшейеді. Павлодар, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін барады, найзағай ойнайды. Қызылорда облысының да бірқатар жерлерінде жел тұрады, түнде найзағай соғады.

Күндіз Алматы облысында қатты ыстық болады деп күтілуде. Оңтүстікте, оңтүстік-шығыста, батыс аймақтың кей бөліктерінде, солтүстік-батыс аймақтарда жоғарғы өрт қаупі сақталады.