Дж. Букиккио: Конституция - әдемі теріліп, кітапханаға қойылатын кітап емес, ол - тірі мәтін

АСТАНА.  30  тамыз. ҚазАқпарат - Конституция - бұл әдемі теріліп, кітапханаға қойылатын кітап емес. Конституция - тірі мәтін.

Бүгін Қазақстан Конституциясы күні мерекесіне орай Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан «Конституция - қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында сөз сөйлеген «Құқық арқылы демократияға» Еуропалық комиссияcының (Венециан комиссиясы) төрағасы Джанни Букиккио  осылай мәлімдеді.

«Әділсоттың толық тәуелсіздігі орнамай - демократияның орнауы да еш мүмкін емес. Сот жүйесіндегі реформаның нәтижесі - оның базалық жұмысындағы конституциялық қағидаттарды сақтауға негізделуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның сот жүйесі Венециан комиссиясын осынау маңызды жұмысты жалғастырудағы әріптесі ретінде санауына болады», - деді Джанни Букиккио.

Сондай-ақ, комиссия төрағасы бүгінгі ғылыми конференциядағы тақырыпқа тоқтала келе, «Конституцияның мемлекетте кімнің нені істеуі керектігін білдіретін ережелер жиынтығы емес екенін, Конституция қоғамға ортақ құндылықтар жиынтығы екендігін» атап өтті. «Бұндай құндылықтар күнделікті Конституциялық Кеңеспен Негізгі заңды қорғау мақсатында қолданылады. Бұдан бөлек, бұндай құндылықтар әрбір соттар мен әрбір полицейлерден бастап, тұтастай әрбір мемлекеттік қызметкерлердің де жұмысын  айқындауы тиіс. Конституция - бұл әдемі теріліп, кітапханаға қойылатын кітап емес. Конституция - тірі мәтін. Сондықтан да, әрбір азамат оны біліп, одан рухтануы керек», - деді Джанни Букиккио.