Дәстүрге айналған «Джакартадағы сән апталығы» деп аталатын салтанатты шарада жұрттың назарына ұсынылған көрер көзге көрікті, денеге қонымды сан алуан киім үлгілеріне қарап, бұл елдің мұсылман сән үлгісінің орталығына айналуды көздеген асқақ мұратын танығандай боласың. Бүгінгі таңда сән индустриясының нарықтағы айналымы әлем бойынша 100 млрд. долларға жеткенін айта кетуіміз керек.
Индонезия билігі кірісі мол осы саланы дамыту үшін жас дизайнерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, 3 млн.-нан аса жұмыс орнын ашты. Аталмыш саладан индонезиялықтар жылына 15 млрд. доллардай табыс тауып отыр.
«Біз сыры мен сымбаты мол осы сән саласының құлағын ұстайтын заңды мұрагері болуымыз керек,- дейді Индонезияның туризм және креативтік экономика министрі Мари Пангесту, - Осы бағытта нақты атқаратын өз міндетіміз бар. Меніңше, Индонезия көп ұзамай мұсылман сән үлгісінің орталығына айналады».
Қалай киіну керектігіне қатысты мұсылман әйелдеріне қойылатын талапты тым қатал деп қабылдайтындардың қатары көп. Әсіресе, оларға мұсылман әйелдердің шариғат шәлісін жамылып, кең-мол пішілген киімдер киетіні ұнамайды. Десе де, бұл талап әр жерде әр түрлі екенін айта кетуіміз керек. Сауд Арабиясы мен Ауғанстан секілді елдерде мұсылман әйелдердің киіну әдебі шариғат талаптарына сай қатаң сақталатын болса, Малайзия мен Индонезияда шариғат талаптарынан ауытқымайтындай мейлінше еркіндік берілген.
Қалай десек те, әйел адам басына жаулық тартып жүргені жөн. Бұған қоса, киген киімі тар немесе тым жұқа болмауы тиіс. Осы апталық барысында жас дизайнерлер «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», шариғат талаптары ескерілген өз өнерлерін паш ету арқылы қатып қалған қасаң көзқарасқа тойтарыс бере білді, деп жазады muslim.kz.