Джакартада екі Корея спортшылары тұтас бір команда болып жарысқа қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея спортшылары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Джакартада өтетін Жазғы Азия ойындарында тұтас бір команда болып жарысқа қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰОК-нің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Солтүстік Кореяның 34 адамнан құралған (спортшылар мен бапкерлер) тобы біріккен оқу-жаттығу өткізу үшін арнайы Оңтүстік Кореяға келген.

«Делегация құрамына 18 каноэші, сегіз ескек есуші, төрт баскетболшы қыз және оларды ертіп жүретін төрт адам енген. Олар Пхеньяннан Бейжің арқылы Инчхон халықаралық әуежайына келіп, Сеулден оңтүстікке қарай 150 шақырымда орналасқан Чхонджуға кетті. Екі апта бойы олар Чхонджоуда оңтүстіккореялық спортшылармен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізбек», - делінген аталған хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айында өткен Олимпиада ойындарында екі елдің хоккейден әйелдер командасы бір ту астында шыққан болатын. Осы тәжірибеден соң Сеул мен Пхеньян 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Джакарта мен Палембанг қалаларында өтетін Азия ойындарына тұтас бір команда болып баруға ұйғарыпты.

Алғаш рет Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея спортшылары 1991 жылы Женевада өткен үстел теннисінен әлем чемпионатында бір команда есебінде қатысып, бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған болатын.