Джакартада Наурыз мейрамы алғаш рет сән-салтанатпен өтті

None
АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат - 22 наурызда алғаш рет Индонезия Республикасында АСЕАН штаб-пәтерінде (Джакарта қаласы) Қазақстан, Ауғанстан, Әзірбайжан, Түркия, Иран, Пәкістан және Өзбекстанның елшіліктері бірлесіп Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесін атап өтті.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Бірлескен Наурыз шарасына Индонезияның министрліктері мен ведомстволарының жоғары лауазымды тұлғалары, ғылым қайраткерлері, мәдениет және бизнес салаларының өкілдері, іскер азаматтар мен алдыңғы қатарлы БАҚ тілшілері, сондай-ақ Джакартада тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Қонақтардың назарына Қазақстанда Наурыз мерекесін тойлауына арналған видеофильм ұсынылып, қазақ халық әндері шырқалды. Арнайы орнатылған Қазақстан бұрышында мерекеге қатысты фотосуреттер мен елімізді, елордамыз - Астананы, халқымызды және мемлекетіміздің әр салада қол жеткізген жетістіктерін суреттейтін кең көлемді мазмұнды фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмені тамашалағандар Қазақстанның өркендеу мен өрлеу үстіндегі қазіргі жағдайына куә болды.

Сонымен қатар шара барысында қазақтың ұлттық тағамдарын көрсететін арнайы дастарқан жайылып, көрме мен қазақ халқының ұлттық үлгідегі киімдері қонақтар тарапының үлкен қызығушылығын туғызды.