«Джаз Бэнд Алматы» оркестрі тұңғыш рет «Нью-Йорк джаз-сити» фестивалінде өнер көрсетеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Джаз Бэнд Алматы» оркестрі тұңғыш рет «Нью-Йорк джаз-сити» фестивалінде өнер көрсетеді. Бұл жөнінде бүгін Алматыда «XIII Халықаралық Джаз мерекесі» фестивалінің ашылуына қатысты өткен баспасөз мәслихатында осы оркестрдің негізін қалаушы және жетекшісі Тагир Зарипов мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Джаз Бэнд Алматы» - биылғы Нью-Йорк джаз фестиваліне шақырылып отырған жалғыз шет елдік оркестр болмақ.

«Құдай қаласа, жолға 11 сәуір күні шығамыз. Ал 13 сәуір күні концерт қоямыз. Естуімізше, билеттер толығымен сатылып кеткен. Бұл фестиваль төрт күнге созылады», - деді аталмыш оркестрдің негізін қалаушы және жетекшісі Тагир Зарипов.

Естеріңізге сала кетейік, Тагир Зарипов Алматыдағы «XIII Халықаралық Джаз мерекесі» фестивалінің ғана емес, бүкіл Орталық Азия бойынша жалғыз джаз мектебінің негізін қалаушы. Мектеп Алматы қаласында 2000 жылы ашылған. Бүгінгі таңда бұл музыка ордасында 190 оқушы білім алып жатыр. Онда джаздық сольфеджио, джаз тарихынан пәндер өтіледі. Оқу мерзімі - музыкалық аспаптардың күрделігіне байланысты 5-7 жыл.

«Бүгін Алматыда осымен 13 рет өткізіліп отырған «Халықаралық Джаз мерекесі» фестивалінде шет елден келген өнер майталмандары біздің мектепте тегін шеберлік сыныптарын өткізетін болады. Тағы бір айта кетейін дегенім, 13 жыл ішінде біздің фестивальде 300-ден астам шетелдік музыкант өнер көрсетіпті. Жас музыканттарды тәрбиелеуде фестивальдің алатын орны зор», - деді Тагир Зарипов.

Аталмыш фестивальге Алматы әкімдігі мен бірқатар шет елдік елшіліктер жан-жақты қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Биылғы мерекеге Швейцария, Франция, Германия және Түркия елшіліктері өз елдері атынан бір-бір джаз топтарын ұсынған.

Алғашқы концерт бүгін кешкі сағат 19:00-де Жамбыл атындағы филармонияда өтеді.