Джефф Безос Amazon акцияларының құлдырауына байланысты Forbes рейтингінде төмендеді

Фото: t.me/BILD_Russian/

АСТАНА. KAZINFORM — Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безос компания акциялары бағасының күрт құлдырауына байланысты әлемнің ең бай адамдары тізімінде бірнеше орынға төмендеді, деп хабарлайды BILD.

Нью-Йорк қор биржасында Amazon акциялары пайда туралы болжам мен шығындардың айтарлықтай өсуі туралы мәлімдемелер жарияланғаннан кейін 9%-дан астамға арзандады.

Forbes журналы атап өткендей, Безостың байлығы бір күнде 16 миллиард долларға төмендеп, 218,9 миллиард доллар болды. Компанияның тоқсан сайынғы қаржылық нәтижелері мен Amazon-ның 2026 жылға арналған жоспарлары инвесторлардың көңілін қалдырды. Акцияға шаққандағы пайда 1,95 долларды құрап, бұл нарық күткен бағадан төмен болды.

Сонымен қатар, компанияның келесі жылы шамамен 200 миллиард доллар инвестициялау жоспары нарыққа қатысушылар арасында алаңдаушылық тудырды. Осының аясында Amazon акцияларына сауда ашылғаннан кейін көп ұзамай бір акцияға шамамен 202 долларға дейін төмендеді.

Сарапшылар акциялардың сатылуы негізінен жасанды интеллект технологияларын дамыту шығындарының өсуіне байланысты екенін атап өтті.

Акция бағасының құлдырауы Безостың миллиардерлер рейтингіндегі жағдайына тікелей әсер етті. Оны Forbes байлығын 226,6 миллиард долларға бағалаған Meta бас директоры Марк Цукерберг басып озды. Нәтижесінде Безос бесінші орынға төмендеді, ал Илон Маск әлі де бірінші орында.

Бұған дейін Amazon-ның ондаған мың қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін екені туралы жаздық.

Былтыр қазан айында компания 30 мың қызметкерін қысқартатыны белгілі болды.