«Президенттің G20 аясындағы тығыз кестесіне қарамастан бізбен кездесу үшін уақыт бөлгеніне таң-тамаша болдым. Меніңше, бұл Қазақстанның шағын және орта бизнесі, жастары және толықтай алғанда сіздердің елдеріңіздің экономикасы үшін қызықты әрі маңызды болмақ. Біз логистика саласындағы, сонымен бірге шағын және орта бизнес, жастар үшін қаржылық жағдайды жетілдіру бойынша ынтымақтастық әлеуетін талқыладық», - деді ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінен кейін.
«Сіздердің Президенттеріңіз, - деп жалғады сөзін ол, өз елін бірнеше жыл алға қарай ілгерілетіп, мемлекетті жаңғыртумен қатар жақсы өмірге жетелеп келе жатқан аса көрнекті көшбасшы».
«Қазақстандағы конференцияға қатысқан кезімде ештеңе жоқ жерден жаңа астана салуға небәрі 17 жыл уақыт кеткенін естігенде зор таңданыста болдым. Ол сұлу да заманауи қала. Мен тіпті әлемнің қандай да бір бөлігінде небәрі 17 жылдың ішінде осындай қала салуға болады дегенді көз алдыма елестете де алмас едім. «Alibaba» компаниясына да құрылғанынан осы уақытқа дейін 17 жыл өтті. Менің ойымша, компания құру оңай іс емес. Бірақ, мұндай қала салып, елді гүлдендіру одан да қиын екендігі сөзсіз», - деп атап өтті Джек Ма.
Сонымен қатар қытайлық кәсіпкер өз табысының құпиясымен де бөлісті.
«Егер сен табысты болғың келсе, онда өзіңнің және өзгелердің болашағына жауапкершілікпен қара. Саған көп жұмыс істеу қажет, өзгелерді түсініп, оларды қуаттандырып отыруға тиіссің. Мен Қазақстан басшысының ыждаһатты жұмысына таң қалдым. Қазақстан Премьер-Министрімен де жақсы қарым-қатынастамын. Ал бүгін Президентпен кездесу мәртебесі бұйырды. Мен Қазақстан үшін бір нәрсе жүзеге асыру мүмкіншілігін алғаныма ризамын. Біз қазақстандық жастардың басым бөлігімен жұмыс істей алатын боламыз деп үміттенемін», - деп атап өтті ол.