Джэк МакКафери: Қанат Ислам рингте Головкин тәрізді болуы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қанат Ислам рингте Головкин сияқты болуы керек. Сонда ғана ол чемпион болады, деген пікір білдірді америкалық журналист.

Американың Delcotimes.com сайтының журналисі Джэк МакКафери сұхбатында қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламды (23-0, 19 КО) WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы отандасы Геннадий Головкинмен (36-0, 33 КО) салыстырды, деп хабарлайды dodasport.kz. 

«Мен Қанат Исламның соңғы жекпе-жегін көрдім. Ол маған әсер қалдырды. Қолы жылдам қимылдайды. Ислам чемпион болады», - деді МакКафери сұхбатында.

Сондай-ақ, америкалық журналист  мексикалық «Канело» мен қазақстандық Қанат Исламның кездесуін көргісі келетінін айтып өтті.

«Ислам біреумен бәсекеге түсе алатын дарынды боксшы. Оның мүмкіндігі бар. Және қазақстандық боксшы соңына дейін жұдырықтасатын болады», - деді МакКафери.

Сонымен қатар, ол Қанат Ислам мен Геннадий Головкинді салыстырып жатқандарға қатысты пікір білдірді. «Иә, қазақстандық боксшылардың бір ерекшелігі бар - олар қарсыластарынан қорықпайды. Соңғы жекпе-жекте Ислам GGG сияқты дөрекілеу болды. Ол осы қалпында жалғастыра берсе, чемпион болуы әбден мүмкін», - деді америкалық журналист.