Джеки Чанның Қазақстандағы болашақ жобалары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын әлемдік актер, каскадёр, кинорежиссёр, кинопродюсер, сценарист Джеки Чан қазақ әншісі Димаш Құдайбергенді Қытайдағы «Мен әншімін» байқауында қолдағанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Өз кезегінде Димаш Құдайберген Джеки Чанды «үлкен ағам» деп те айтқан еді. Естеріңізде болса, биылғы ақпан айында Димаш Қытайдың әйгілі кино актерімен кездесіп, мегажұлдызға қазақи шапан жауып, домбыра сыйлады.


Сол кезде Димаш өз инстаграм парақшасына: «Бүгін менің өмірімде тариxи есте қалатын ерекше күн! Атақты актер Джеки Чан мырза мені теледидардан көріп, кездесуге шақырды! Кездесуде актер маған өзінің эксклюзивті күртешесін және арнайы фирмалық ән тыңдау құрылғысын сыйға тартты! Ал мен актерге қазақтың шапанын жауып, домбыраны сыйға тарттым! Домбырамен бір күй шертіп беруімді өтінген Джеки Чанға Нұрғисаның "Әлқисасынан" шашу шаштым! Өз кезегінде актер маған соңғы "Kung Fu Yoga" кинокартинасындағы би қимылдарын үйретті. Бала кезімнен бері келе жатқан сүйікті актерім маған өз ақыл кеңестерін беріп, шығармашылығымды бақылайтынын айтты. Сөз соңында, барша Қазақстан xалқын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әдемі лебіз-тілегін білдірді! Келесі кездесуді асыға күтеміз! Армандар орындалады!», -  деп жазды.

Арада төрт ай өткеннен кейін Джеки Чан мен Димаш Құдайберген енді Астанадағы Қытай киносы фестивалінің ашылу рәсімінде қайта кездесті. Бұл жолы танымал актер елордаға арнайы қонақ ретінде келді. Белгілі кинопродюсер кинофестивалінің ашылу салтанатына арналған баспасөз мәслихатында ҚазАқпарат агенттігінің сұрағына: «Теледидардан Димаштың керемет дауысын естіп, жас таланттың өнеріне тәнті болдым. Кейін ол менің фанатым екенін білдім. Әрине, мен оны кино саласында өте тамаша актер болады деп ойлаймын», - деп жауап қайтарды.

Сонымен қатар Джеки Чан Қазақстанда фильм түсіруге ниетті екенін жайып салды. Шынын айтқанда, осыған дейін ол Қазақстанға келіп, кинематографиямен айналысуды армандаған екен. Алайда уақыттың тапшылығынан, бүгінге дейін бұл арманын жүзеге асыра алмапты. Болашақта Қазақстанға міндетті түрде келіп, осы саладағы еңбегін іске асырмақ ойы бар екен.

Бұдан бөлек ол тілшілер сауалына жауап беру кезінде жетістікке қалай жеткенін айтып берді. «Әрине, мен бірден өнер жұлдызы атанған жоқпын, қазіргі деңгейіме біртіндеп келдім. Яғни ең төменнен әр қадам сайын жоғарылай бердім. Сондықтан да әрбір адамның жағдайын жақсы түсінемін, сәйкесінше, әр адамның жұмысына құрметпен қараймын», - деп тоқталды танымал өнер жұлдызы.

Осы орайда ол табысқа ең бастысы күш-жігер мен жанкүйерлердің қолдауы арқасында, сондай-ақ үнемі жанынан табылатын командасының көмегімен жеткенін айтты.

«Әлем елдерінде жанкүйерлерім менің фильмдерімді тамашалап жүргенін білемін. Осы ретте  туындыларым арқылы өз әлемімді таныстыруға тырысып келемін. Атап айтқанда, менің фильмдерімде тілдік кедергілер болмағандықтан, олардың барлығының мағынасын еш қиындықсыз түсіне аласыздар», - деді ол.

Мұнымен қоса, тілшілер қауымы одан кунг-фу мектебі жайында сұрады. Бұл тұрғыда Джеки Чан қазір Бейжіңде кунг-фу бойынша жаттығулар жүріп жатқандығын,  алдағы жылы ондағы мектеп ресми түрде ашылатындығын мәлім етті.

«Сондықтан да осы мүмкіндікті пайдалана отырып, осы өнерге қызығушылық танытқан адамдар Бейжіңге келіп, кунг-фуды меңгеруді өтінер едім. Бүгінде осы саладағы жұмыстарымыз жаңадан қарқын алуда, осы орайда болашақта барша әлемде мектептерді ашуға ниеттімін. Мүмкін Қазақстанда да кунг-фу мектебі ашылып қалар», - деді танымал актер.

Айтпақшы, Қытай киносы фестивалінің салтанатты ашылуында Джеки Чан мен Димаш сахнада ән шырқады. Танымал актер қонақкәде ретінде қытай тілінде «Отан» әнін шырқады. Ол бұл ән отаншылдыққа баулитынын, сондай-ақ барлық адам өз отанын сүю керек екендігін жеткізді. Өз кезегінде қазақстандық әнші сахнаға шығып, «Singer» байқауында шырқаған қытайша «Күзгі мұң» әнін айтып берді.

Бүгінгі шараға Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсіретін «Композитор» фильмінің ұжымы да арнайы келді.

«Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсіретін «Композитор» фильмінің ұжымымен кездестім, келесі ретте Қазақстанда түсірілетін туынды менікі болады деп сенемін», - деді Джеки Чан.

Еске сала кетейік, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Қытай кинематографистерімен бірлесіп «Композитор» (жұмыс атауы) атты фильмді түсіруді қолға алды. Аталған фильм әлемдік өнерге елеулі үлес қосқан Қытайдың танымал композиторы Си Синхайдың өмірі мен өнер жолына арналмақ. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында (1941-1943 жылдар аралығында) композитор Қазақстанда тұрып, қазақтың талантты композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болған. Картина екі ел арасындағы ынтымақтастық пен композиторлардың достығы туралы сыр шертеді.

2016 жылы 2 қарашада «Қазақфильм» киностудиясы және Қытайдың Shineworks кинокомпаниясы арасында «Композитор» фильмін бірлесіп шығару және қаржыландыру, сонымен қатар бірлесіп прокатқа шығару жөнінде келісімге қол қойылды. 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап фильм дайындық кезеңге өткен болатын. Картинаның түсіру жұмыстары 2017 жылы басталып, түсірілімдердің негізгі бөлігі Қазақстанда өтеді.

Айта кету керек, 7-18 маусым аралығында Астанада өтетін Қытай киносы фестивалі аясында елордалықтар мен қала қонақтары «Іле өзені», «Шынайы махаббат», «Гүлім», «Қатерлі ісік мырза, кетіңіз», «Қасқыр тотемі» сынды туындыларды тамашалай алады.

Фестиваль Қазақстандағы күндері ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтуде. Шараны «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы мен ҚХР Баспасөз, баспа, радио, кино және телевизия ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасы ұйымдастырды.