1998 жылғы анимациялық фильмнің ремейкі дүниежүзілік прокатка осы жылдың қыркүйек айында шыққан еді. Алайда, фильмді үлкен экраннан кинотеатрлар ашылған Қазақстанның
төрт қаласының тұрғындары ғана тамашалай алатын болады.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері алғаш рет Disney фильмінде ойнады. Ол жай актер емес, «Nomad Stunts» халықаралық кәсіби каскадерлер тобының
жетекшісі, трюк қоюшы - Жайдарбек Күнғожинов. Жайдарбек пен оның жұлдызды командасы бүкіл әлемге танымал. «Мулан» фильмінде Жайдарбек «арландар» жасағының қолбасшысы рөлін, ал оның тобы Джейсон Скотт Ли сомдаған Бөрі ханның таңдаулы жауынгерлер жасағында ойнады.
18 желтоқсанда Алматыда «Нұр Отан» партиясы мен «Kinopark» компаниясының қолдауымен фильмнің қазақ тілінде арнайы көрсетілімі өтті. Арнайы көрсетілімнің қонақтары арасында жоба ұйымдастырушылары, медиа-тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері және блогерлер болды. Фильмнің арнайы көрсетілімі басталмас бұрын «Nomad Stunts» каскадерлері, актрисалар Айгүл Иманбаева мен Жанель Мақажан, сондай-ақ «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Актер әрі каскадер Жандос Айбасов, дубляж актерлері фильммен жұмыс жасаудың ерекшеліктері туралы айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Арнайы көрсетілім барысында сөз сөйлеген «Болашақ» қоры Қамқорлық кеңесінің құрметті мүшесі және «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, білікті де білімді жастардың қатарын арттыру, қазақ тіліндегі сапалы ақпараттық өнімдерді көбейту секілді маңызды мәселелерге ерекше назар аударып, басымдық бергендігін атап өтті. Осы мақсатта ел экономикасы нығая қоймаған кездің өзінде 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасын құрып, талапты да дарынды жастардың әлемдегі үздік оқу ордаларында
білім алуына жол ашты.
«Қазіргі таңда президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған 14 мыңға жуық азамат еліміздің игілігі жолында жемісті қызмет етіп жатыр. Аталған бағдарлама түлектері құрған «Болашақ» корпоративтік қоры еліміздің зияткерлік әлеуетін көтеруді мақсат еткен түрлі жобаларды іске асыруда. Солардың бірі – қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге бағытталған «Өзіңен баста» жобасы екенін атап өту керек«, - дейді Бауыржан Байбек.
«Мулан» фильмін дубляждау жұмысына Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан 60-тан астам кәсіби актер қатысты. Алғаш рет Голливудтың танымал актерлері қазақ тілінде сөйледі. Муланды қазақ актрисасы Жанель Мақажан, ал басты антагонист сиқыршы Сяньнянды Айгүл Иманбаева дыбыстады. Бұл оның жобадағы алғашқы басты рөлі. Бұған дейін белгілі әртіс «Ойыншықтар Хикаясы 4» фильмінің дубляжына қатысқан болатын. Джет Ли Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ сазды-драма театрының актері Боранбай Молдабаевтың дауысымен қазақша сөйледі. Джейсон Скотт Ли әйгілі актер
Асан Мәжиттің дауысымен, ал Ма Ци актерінің кейіпкері Бақытжан Әлпейісовтің дауысымен үн қатты.
Шетелдік фильмдерді дубляждау – мемлекеттік тілді дамыту бойынша маңызды әлеуметтік жоба. Жобаның арқасында қазақ тілі Disney студиясының 39-шы тілі және Sony Pictures студиясының 7-ші тілі болды. Дубляж саласының 203 маманы өз біліктілігін арттырды. Жобаның басты құндылығы – балалар сүйікті анимациялық фильмдерді ана тілінде көріп, қазақ тілінен білімдерін жетілдіреді.