Джей Ло концерті Алматыға 10 млрд теңге табыс әкелді

Коллаж: Kazinform/ Canva/ instagram.com/jlo/ starlink.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өткен Дженнифер Лопестің концертіне 27 мың көрермен жиналған. Оның 7 мыңы – 35 мемлекеттен арнайы келген шетелдіктер.

– Ұйымдастырушылардың алдын ала жасаған есебі бойынша бұл іс-шарадан бюджетке түсетін салық көлемі 600 млн теңге шамасында болмақ, - деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Қала әкімдігі мәліметінше, іс-шараның қала экономикасына тигізген әсері ауқымды. Шетелдік туристер Алматыда орта есеппен үш жарым күн аялдап, тәулігіне шамамен 440 долларды қонақүй, тамақ, көлік, экскурсия және саудаға жұмсаған. Концерт күні тек шетелдік қонақтар қалаға шамамен 5 млрд теңгеден астам табыс әкелген.

– Концерт өткен күні стадион аумағындағы фуд-корт 15 миллион теңге табыс тапқан. Туризм басқармасының болжамына сәйкес, көрермендердің шығыны мен жанама кірістерді қоса есептегенде, концерттен қалаға түскен табыс айналымы 10 млрд теңгеден асады. Мұндай мәдени іс-шаралар қала қазынасына қомақты кіріс әкеліп қана қоймай, Алматының туристік тартымдылығын арттырып, оны әлемдік гастроль картасындағы маңызды орталық ретінде нығайтады, - деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, 1 тамыз күні Джей Ло «Астана Арена» стадионында жеке концерт берді. 

Ал 10 тамыз күні Дженнифер Лопес Алматының Орталық стадионында жеке концертін өткізді. 

Бұған дейін Алматыдағы Орталық стадион көгалы Джей Ло концертінен кейін қандай күйде екенін жазғанбыз.