Джей Ло мен Backstreet Boys концерттері мейрамханалар мен дәмханалардың саудасын 11% арттырды — Ұлттық банк
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк өз тәжірибесінде алғаш рет халықаралық деңгейдегі мәдени шаралардың елдегі экономикаға әсерін бағалады. Осы бағалауға сүйенсек, Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys концерттері Астана мен Алматыдағы мейрамхана, дәмханалардың саудасын 11 пайызға дейін арттырған.
— 2025 жылдың үшінші тоқсанында Астана мен Алматыда танымал халықаралық орындаушылардың (Jennifer Lopez, Backstreet Boys) концерттері тұтынушылық белсенділіктің жергілікті өсуіне ықпал етті. …Алынған бағалауларға сәйкес, әлемдік деңгейдегі орындаушылардың концерттері тамақ қызметі саласындағы алшақтықтың әртіс пен қабылдаушы қалаға байланысты 5-11%-ға артуына әкелді. Ең айқын әсер Астана қаласында байқалды: концерттердің өткізілуі қоғамдық тамақтану қызметтері көлемінің алшақтығын шамамен 8,4%-ға арттырды. Астана қаласында өткен Backstreet Boys концертінің әсері қызмет көлемі бойынша да, бөлшек саудада да магнитудасы жағынан біршама жоғары болды. Аталған концерт өткен кезеңде Астана қаласында өзге де бұқаралық іс-шаралардың (Astana Finance Days) қатар өткенін ескеру қажет. Бұл қоғамдық тамақтану нарығындағы жергілікті белсенділікті қосымша күшейткен болуы мүмкін, — деп жазылған құжатта.
Бірақ Ұлттық банк сарапшылары бұл фактор бағаның өсуіне ықпал етті деп нақты болжауға келмейтінін ескертеді.
— Алынған нәтижелер тұтынушылық белсенділіктің мұндай қысқамерзімді серпіні баға серпініне де жергілікті деңгейде әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді, алайда бұл болжам жеке қосымша талдауды талап етеді, — делінген Ұлттық банк мәліметінде.
Бұған дейін Джей Ло концерті Алматыға 10 млрд теңге табыс әкелгенін жазған едік.