Джибути жағалауында мигранттар мінген қайық аударылып, 139 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Джибути жағалауында 305 мигрант мінген қайық аударылып, кемінде 139 адам қаза тапты. Олардың арасында 15 бала бар. Тағы 84 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды DW БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымына (ХКҰ) сілтеме жасап.

Фото: БҰҰ

Ұйымның 11 қазанда таратқан мәліметіне сәйкес, қайық Джибутиден Йеменге бет алған. Апат 9 қазанға қараған түні Джибутидің Обок портты қаласына жақын жерде болған.

Қайықта болған 305 адамның 82-сі аман қалған. Олардың барлығы – Эфиопия азаматтары. БҰҰ өкілдері оқиғаға қатысты алғашқы мәліметтер тірі қалған адамдардың сөздеріне сүйеніп жиналғанын хабарлады.

– Біздің қызметкерлер жергілікті билік өкілдерімен бірге оқиға орнында жұмыс істеп, зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетіп жатыр. Бұл қайғылы оқиға экономикалық мүмкіндіктер іздеп, осы бағытпен сапарға шығатын мигранттардың қаншалықты үлкен қауіпке тап болатынын тағы бір мәрте көрсетті, – деді Халықаралық көші-қон ұйымының Джибутидегі миссиясының басшысы Александр Куассак.

Қазір Джибути билігі іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Аман қалғандарға медициналық көмек көрсетілуде. Қаза тапқандарды жерлеу жұмыстары да ұйымдастырылған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, соңғы уақытта Эфиопиядан кетуге мәжбүр болған адамдар саны артып келеді. Бұған елдегі қарулы қақтығыстардың қайта өршуі, азаматтарды қарулы жасақтарға күштеп тарту және құрғақшылық әсер еткен.

Мигранттар алдымен Йеменге жетіп, кейін Парсы шығанағындағы басқа елдерге өтуді көздеген. Алайда Йеменнің өзінде де Сауд Арабиясы қолдайтын үкімет күштері мен Иран қолдайтын хуситтер арасындағы қақтығыстардың күшеюіне байланысты халық елден кетіп жатыр.

БҰҰ бірнеше жылдан бері Джибути арқылы өтетін «Шығыс көші-қон бағыты» бойында мигранттар ағынының жоғары екенін тіркеп келеді.

Бұл бағытта адамдар теңіз апаттарына, адам саудасына және құрлыққа жеткеннен кейін заңсыз ұсталу қаупіне тап болады.

Халықаралық көші-қон ұйымының Missing Migrants Project жобасының дерегінше, 2025 жылы аталған бағытта 900-ден астам мигрант қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған. Соған қарамастан, осы жолмен сапарға шығатын адамдар саны 18 пайызға артқан.

Айта кетейік, бұған дейін Йемен жағалауында Эфиопиядан шыққан мигранттар мінген қайық суға батып, кемінде 76 адам қаза тапқан болатын. Апат Аден шығанағында болған.