АСТАНА. KAZINFORM — Таиландтың Бангкок қаласында джиу-джитсудан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Жібек Құлымбетова алтын медальді жеңіп алды.
Ж.Құлымбетова 48 келіге дейінгі салмақта отандасы Райхан Абдуллаевамен белдесті. Олардың екеуі де Алматы облысынан еді. Осылайша, елуден астам мемлекет өкілдері қатысып жатқан жарыстың алғашқы күні Қазақстан қоржынына қос жүлде түсті.
Мақсат Мұратұлы жаттықтыратын Жібек Құлымбетова тұңғыш рет ересектер арасында топ жарды. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында 11 дүркін әлем чемпионы атанған еді.
- Бангкок қаласында 18 жасымда алғаш рет ересектер арасында әлем чемпионатына қатысып, төрт кездесу өткізіп, жеңімпаз атандым. Бұл жеңіс – тек бір күннің еңбегі емес. Бұл – 9 жылдық табандылықтың, тәртіптің, сенімнің жемісі. Кеше ғана жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысып жүруші едім, бүгін финалда өз елімнің спортшысымен кездесіп, жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымды көтердім, - деді Ж.Құлымбетова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтың джиу-джитсу мен грэпплингтен 11 дүркін әлем чемпионы болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).