АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы джиу-джитсудан Иордания астанасы Амман қаласында жастар мен ересектер арасында өткен 9-шы Азия чемпионатында топ жарды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазақстандықтар барлығы 74 медаль жеңіп алды.
Сары құрлық додасында 27 елден 778 спортшы бақ сынады.
Жарыс нәтижесінде Қазақстан 21 алтын, 27 күміс, 26 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші орынға Таиланд командасы көтерілсе, үздік үштікті Вьетнам түйіндеді.
Осылайша, отандастарымыз Азия төріндегі татамиде табандылық танытып, қайсарлықпен қарсылас шақ келтірмей ел мерейін үстем етті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).