Джо Байден Мексикамен шекарадағы қабырға құрылысын жалғастырады

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Мексикадан келетін заңсыз иммиграция ағынын тоқтату үшін оңтүстік Техаста 30 шақырымдық шекара қорғанын салуды санкциялады. ҚазАқпарат бұл туралы ВВС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: tass.ru

Байден қызметіне кірісе сала Дональд Трамп кезінде басталған шекара қорғаны құрылысын тоқтатты. Бұл оның сайлауалды науқанындағы негізгі пунктілердің бірі болатын. Ол “менің әкімішілігім тұрған кезде бірде-бір фут қабырға салынбайды” деп уәде берді.

2021 жылдың 20 қаңтарындағы құрылысты тоқтату туралы мәлімдемеде “оңтүстік шекараны түгел қамтитын алып қорған құрылысы маңызды саяси шешімге жатпайды” делінген.

Дегенмен сәрсенбі күні Байден әкімшілігі құрылысты жалғастыру үшін Техастың оңтүстігінде 26 федералды заңның жұмысын тоқтата тұратынын мәлім етті.

Ішкі қауіпсіздік министрлігі АҚШ Федералды реестрінде сәйкес мәлімдеме жариялады.

Министрлік шешімімен күші тоқтатыла тұрған федералдық заңдар қатарында Таза ауа туралы заң, Қауіпсіз ауызсу туралы заң және Жоғалып бара жатқан түрлер туралы заң бар. Бұл экология заңнамасына қатысты ұзақ тексеріс пен сот араласуын болдырмауға мүмкіндік береді.

"АҚШ шекарасына жақын маңда Құрама Штаттардың жобалық аудандарына заңсыз кірудің алдын алу үшін кедергі мен жолдардың салынуы аса қажет және кейінге қалдыруға болмайтын жұмыс", - деп мәлімдеді ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркас.

Алдын ала деректер бойынша, биылғы жылы құрамына 21 округ кіретін Рио-Гранде алқабында 245 адам шекараны заңсыз кесіп өтпек болған.

"Конгресс Рио-Гранда алқабындағы шекара қорғаны құрылысына 2019 жылы қаржы бөлген болатын, биыл министрлік осы қаражатты қажет жеріне жаратуы керек", - делінген АҚШ Шекара қызметі мәлімдемесінде.