Джон Керри АҚШ Мемлекеттік хатшысы ретінде жұмысқа кірісті

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Джон Керри АҚШ Мемлекеттік хатшысы ретінде алғашқы жұмыс күніне кірісті. Таңертең ол мемлекеттік департаментте сыртқы саяси ведомство қызметкерлерінің алдында сөз сөйлейтін болады.

Оның жұмыс тәртібінде басқа ешбір кездесулер жоспарланбаған, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

«Қарауылдың алмасуы» жұма күні болды. Сол күні Хиллари Клинтон соңғы төрт жыл бойы жұмыс істеген мемлекеттік департамент ғимаратынан кетті, ал сәл кешірек Жоғарғы соттың мүшесі Елена Кейган 69 жастағы экс-сенатордың антын қабылдады. Рәсімге журналистер шақырылған жоқ, және мемлекеттік департамент оның қандай да бір мән-жайларын хабарламады. Дегенмен, алдағы сәрсенбіде жергілікті уақыт бойынша түстен кейін Керридің тағы бір ант қабылдау рәсімі өтеді, бұл жолы баспасөз өкілдерінің қатысуымен.

Әкімшілік өкілдерінің хабарлауынша, өзінің шет елге алғашқы сапарын мемлекеттік хатшы палестина-израиль жанжалын тұралап қалған бейбіт реттеу үрдісіне жан бітіру үшін Таяу Шығысқа жасайды деп күтілуде. Бұл сапар аясында ол бірінші кезекте Израиль мен Мысыр елдеріне баруы мүмкін.

Алдағы уақытта Керри Ресейге де сапарлайтыны күтілуде.