Джон Сойерс: Израильдің мақсаты – АҚШ-ты қақтығысқа тарту

Фото: IRNA

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандарына, соның ішінде Фордодағы уран байыту зауытына соққы жасау үшін Израильмен бірігуді қарастырып отыр, деп жазды Kazinform тілшісі.

CBS арнасының (BBC-нің серіктесі) хабарлауынша, бұл тақырып жақында Ақ үйдегі Ситуациялық бөлмеде өткен Трамп пен АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің кездесуінде талқыланған.

CBS-тің дереккөздері Трамптың ең жақын кеңесшілері бұл мәселе жөнінде ортақ пікірге келе алмай отырғанын айтады.

Ұлыбританияның сыртқы барлау қызметі — MI6-тың бұрынғы басшысы Джон Сойерс BBC-ге берген сұхбатында Израиль Ирандағы кейбір аса маңызды ядролық нысандарға шабуыл жасамағанын, өйткені олар терең жерасты бекіністерінде орналасқанын айтты.

— Мұндай нысандарға соққы жасауға тек америкалықтардың ғана әскери мүмкіндігі бар, — деді Сойерс.

Оның айтуынша, Вашингтон алдында екі жол тұр: не Израильмен бірігіп, басталған істі соңына дейін жеткізу, не дипломатиялық шешім іздеу.

Сойерс Израильдің басты мақсаты — АҚШ-ты Иранмен қақтығысқа тарту екенін айтады. Осылайша Израиль АҚШ-тың әскери қуатын пайдаланып, Иранның ядролық инфрақұрылымын жоймақ.

Айта кетейік, дүйсенбі күні Дональд Трамп Канадада өтіп жатқан G7 саммитінен мерзімінен бұрын Вашингтонға оралу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Таяу Шығыстағы жағдайды бақылауға алу мақсатында жасалған. АҚШ Таяу Шығысқа «USS Nimitz» әуе тасымалдаушы кемесін жөнелтті. Бұған дейін Axios басылымы Израильдің АҚШ-ты Иранға қарсы соғысқа тартуға тырысып жатқанын хабарлаған болатын.

Бұған дейін хабарланғандай, Нетаньяху мен Трамп телефон арқылы сөйлесті.

Ал Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас АҚШ-тың араласуы Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуіне әкелетінін айтты.