Джонни Депп ресми түрде үндіс атанды

АСТАНА. 24 мамыр.ҚазАқпарат -  Голливуд жұлдызы Джонни Депп ресми түрде команча үндістер тайпасының қатарына қабылданды. Аталмыш рәсім 16 мамыр күні өткізілгенімен, БАҚ-та бұл туралы енді ғана жазылып отыр, деп жазады BNews.kz.

Голливуд жұлдызына тайпаның құрметті мүшесі мәртебесін беру салтанаты Альбукеркеде, АҚШ-тағы команча мүдделеріне өкілдік ететін белсенді ЛаДонна Харристің үйінде өткен, деп хабарлайды Lenta.ru Reuters-ке сілтеме жасап.

Харристің айтуынша, Деппті тайпаның қатарына қабылдау идеясын актердің өзі көтерген. Қоғам қайраткері оның туыстарының бірі Джонни Депп түсіп жатқан «Жалғыз басты рейнджер» фильмінің түсіру алаңында кеңесші болып жұмыс істейтінін айтты. Онда Депп команча тайпасынан шыққан Тонто есімді үндісті ойнайды. Сол туысқаны Харрис пен Депптің кездесуін ұйымдастырған.

Тайпа қатарына қабылдану рәсімінен кейін Депп құбылғыш бейне деген мағынаны білдіретін Ма Ву Мэй есімін иеленді. Команча тайпасының басшысы актерге құрметті команча мәртебесінің берілуін мақұлдаған. Салтанатты рәсімнен кейін актер команча тайпасының ғана емес, сондай-ақ ЛаДонна Харрис отбасының мүшесі атанды.

Джонни Депп Кентукки штатында дүниеге келген. Ол бұған дейін өзінің арғы аталарының арасында байырғы америкалықтар, яғни чирок пен крик тайпаларының өкілдері бар екендігін бірнеше мәрте айтып кеткен болатын.

«Жалғыз басты рейнджер» фильмі прокатқа 2013 жылы шығады. Режиссері - Гор Вербински, ал Депптен басқа картина түсіріліміне Эрми Хаммер, Хелена Бонем Картер, Уильям Фихтнер мен Том Уилкинсон қатысады.

Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылдың қаңтарында Джонни Депп әлемдегі ең ірі IMDb кино туралы интернет-базасы тарихындағы ең танымал актерлер тізімін басқарды.