Джордж Бушқа бәтеңке лақтырған журналист бостандыққа шықты

АСТАНА.  Қыркүйектің 15-і.  ҚазАқпарат -    АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Бушқа   бәтеңке лақтырғаны  үшін   түрмеге қамалған   Ирак  журналисі Мунтазер  әз-Зейди    жақсы тәртібі  үшін  бүгін,  сейсенбі  күні   бостандыққа шықты,

деп  хабарлайды ИТАР-ТАСС агентігі.

9 айға   қамалған     журналист  кеше,  дүйсенбі күні   бостандыққа  шығуы керек  болған,  бірақ  қағазбасты   шаралар  мен   басқа да түрлі заңгерлік іс-қимылдарға байланысты,     журналистің  бостандыққа  шығуы  бір тәулікке    ысырылған.    Әз-Зейдидің бостандыққа  шығу  құрметіне   оның туыстары,  әріптестері  және Мунтадарды   қолдаушы   қарапайым халық    Бағдадта  үлкен  салтанат  ұйымдастырмақ.

Ирактың «Әл-Бағдадия» тәуелсіз   телеарнасының 29 жастағы     тілшісі   өзінің  жанкешті әрекетін   2008 жылы желтоқсанның  14-інде  Бағдадта    Буш пен  Ирак премьері Нури  әл-Мәликидің бірлескен конференциясы  кезінде   жасаған   болатын.  Әз-Зейди    Ақ үйдің     бұрынғы басшысына   қарай  бәтеңке  лақтырып тұрып,  «Бұл  Ирактағы жетімдер  мен жесірлердің,  өлтірілген азаматтардың  саған  деген  соңғы сәлемі»,   деп   айқайлаған  болатын.

Журналистің  бұл  әрекеті   Ирак заңнамасы  бойынша    қылмыстық іс болып табылатын және   15 жылға  дейін  жаза қарастырылған   «ресми  сапармен жүрген      шетелдің мемлекет басшысына    қарсы жасалған    аргрессивті әрекет»  деп  бағаланған еді.    Иракта ғана емес, басқа да   араб  елдерінде ұлттық    батырға айналған   тілшіні  қорғауға   100-ден  астам  адвокат ниет  білдірді, олардың    қатарында Саддам Хусейннің     бұрынғы қорғаушысы Халиль ад-Дулейми  де  болды.

Журналистің   үстінен сот   ісі  ақпанның  19-ында басталып,  наурыз  айында үкім  шығарылды,  3 жылға кесілді.    Сәуір  айында   бұқаралық ақпарат құралдарында,    жақсы тәртібі  үшін  журналистің    мерзімінен  бұрын босатылатыны  туралы   ақпараттар  жарық көрді.