Джордж Клуни Байденді сайлауға түсуден бас тартуға шақырды

Фото: Фото: britannica.com

АСТАНА. KAZINFORM — Голливудтың әйгілі актері және Демократиялық партия үшін қаражат жинаушы Джордж Клуни Джо Байденді АҚШ-тағы президенттік жарыстан шығуға шақырды, деп хабарлайды BBC.  

Актер президент өз мансабында көптеген тайталаста жеңіске жеткенін, «бірақ ол жеңе алмайтын жалғыз бәсеке — уақыт екенін, онымен күресе алмайтынын» мәлімдеді. 

Клуни New York Times газетінде «бұны айту өте қорқынышты» екенін, бірақ үш апта бұрын қаражат жинау шарасында кездескен Джо Байден 2010 жылдағыдай емес екенін жазды. 

«Ол тіпті 2020 жылғы Джо Байден де емес. Бұл бәріміз пікірталаста куә болған адам еді. Партия жетекшілері бізге өзіміз, яғни 51 млн адам көріп жүрген адамды басқа адам деп айтуды доғаруы керек. Бұл — жас мәселесі. Басқа ештеңе жоқ. Біз қараша айында мына президентпен жеңіске жете алмаймыз», — деп қосты Клуни. 

Актер осы пікірі ол сөйлескен конгрестің әр мүшесінің алаңдауымен сәйкес келетінін айтты. 

Бұған дейін Өкілдер палатасының бұрынғы спикері Нэнси Пелоси 81 жастағы Джо Байденнің Дональд Трамппен сәтсіз пікірталастан кейін президенттік жарыста қалу-қалмау жөнінде шешім қабылдауға «уақыты аз» екенін мәлімдеген. 

«Мен президенттің сайлауға түсу-түспеу жөнінде біржола шешім қабылдағанын қалаймын. Ол қандай шешім қабылдаса да, бәріміз оны қолдаймыз, өйткені уақыт аз қалды», — деді ол MSNBC арнасындағы Morning Joe бағдарламасында. 

Сонымен бірге, қазіргі президентке қолдау көрсетуді үзбегендер арасында Сенаттағы жетекші демократ Чак Шумер, шамамен 60 саясаткерден тұратын конгресмендер тобы, Александрия Окасио-Кортес сияқты прогрессивті Өкілдер палатасының мүшелері бар.

Сондай-ақ, Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом Байденді әлі де «толық қолдайтынын» айтты.