Джорджия штатында полициямен қақтығыс кезінде 35 адам ұсталды

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Джорджия штатында салынып жатқан Қоғамдық қауіпсіздік оқу орталығының алдында полиция 35 адамды ұстады. Наразылыққа шыққандар құқық қорғау органдарымен қақтығысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат NBC News-ке сілтеме жасап.

Видеодан алынған кадр: www.nbcnews.com

Полицияның мәліметінше, тәртіпсіздік жексенбі кешкісін Атлантаның оңтүстігінде Де-Калб округінде «South River» музыкалық фестивалінен кейін басталған. Үгіттеушілер тобы құрылыс техникасы мен полиция қызметкерлеріне үйлескен түрде шабуыл ұйымдастырған.

Бүлікшілер полицейлерге тас, кірпіш, «Молотов коктейлін» және петарда лақтырған. Мамандандырылған полиция мекемесінің құрылыс алаңында бірнеше өрт шыққан.

Наразылық білдірушілер ұзақ уақыт бойы «Полиция қаласын тоқтатыңдар» ұранымен Қоғамдық қауіпсіздік оқу орталығының құрылысына қарсы шығып келеді.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерін дайындайтын елдегі ірі орталықтың іске қосылуына қарсы шығу себебі - полицияның оқ қаруды пайдалану кезінде адам өліміне әкелуі.

Бұл Америка қоғамындағы өзекті тақырыптың бірі болып отыр.