Джулиан Ассанжға қатысты іс тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — WikiLeaks-тің негізін қалаған Джулиан Ассанж америкалық сотта әскери құпияны жариялағаны үшін кінәсін мойындады. Артынша АҚШ билігімен бұған дейін жасалған келісімдерге сәйкес ол босатылды, деп жазады ВВС.

Фото: x.com/wikileaks

Сот отырысы Тынық мұхиты Сайпан аралындағы Солтүстік Мариан аралдарының (АҚШ аумағы) федералды округтік сотында өтті. Судья Рамона Манглона ұлттық қорғаныс туралы құпия ақпаратты алу және жария еткені үшін кінәсін мойындағаннан кейін Ассанждың АҚШ-қа экстрадициялаумен күресу кезінде Лондондағы Белмаршта қатаң режимдегі түрмеде өткізген 62 айын жазасын өтеу мерзіміне санау «әділ және орынды» болатынын айтты.

«Сіз сот залынан еркін адам ретінде шыға аласыз», - деді сот отырысының соңында судья.

Ассанжға қарсы іс тоқтатылды, Америка билігі де экстрадициялау туралы өтінішін қайтарып алды.

Джулиан Ассанж дүйсенбі күні Белмарш түрмесінен босатылып, жеке ұшағымен әуелі Бангкокқа, одан ары Солтүстік Мариан аралдарына ұшты.

АҚШ прокурорлары Сайпандағы судьядан Ассанж кінәсін мойындаған соң дереу тыңдау өткізіп, үкім шығаруды сұрады.

Ассанж баспасөзге ешқандай мәлімдеме жасамады және кездесуден кейін Аустралия астанасы Канберраға ұшып кетті.