Дзюдо: Абылайхан Жұбаназар Азия чемпионатының ширек финалына шықты

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Гонконг қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатының екінші жарыс күні басталды.

Бүгін бірінші болып белдесуге шыққан 73 келіге дейінгі салмақтағы Асқар Нарқұлов Азия чемпионатындағы алғашқы белдесуінде Таиланд атынан сынға түсетін Терада Масаюкидің жауырынын жерге тигізгенімен, 2-айналымында сүрінді. Біздің дзюдошы қосымша уақытта (golden score) өзбекстандық Муроджон Юлдошевқа әдіс жасауға мүмкіндік беріп қойды.

Осы салмақта сынға түскен тағы бір отандасымыз Данияр Шамшаев былтыр Чэндуда өткен Универсиаданың чемпионы, Париждегі Үлкен дулыға бәсекесінің (2024 жыл) жеңімпазы Тацуки Исихарадан (Жапония) жеңіліп қалды.

Осылайша, 73 кг дейінгі салмақтағы қос спортшымыз чемпионатты ерте аяқтады.

Ал 81 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Абылайхан Жұбаназар Азия чемпионатын 2-айналымнан бастап, Мохит Сехраватты (Үндістан) айқын басымдықпен ұтты. Енді ол ширек финалда Бахрейн атынан сынға түсетін Әскерби Гербековпен күреседі.

Айта кетейік, Азия чемпионатының жеңімпазы рейтингте 700, күміс жүлдегер 490 ұпай алса, қола медаль алған 2 дзюдошыға 350 балл қосылады.

Аталған Сарықұрлық додасында 34 елдің 262 таңдаулы татами шеберлері өзара кім мықтыны анықтап жатыр.