Дзюдо: Әлемдік Гран-Приде ел намысын кімдер қорғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 6-8 сәуір күндері Түркияның Анталия қаласында дзюдодан әлемдік Гран При турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған додада дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасынан 20 балуаны ел намысын қорғамақ. Оның 11-і ер спортшы болса, 9-ы нәзік жанды балуандар.

Ерлерден 60 келі салмақта Жақсыбек Жеңісбек пен Ержан Еренғайыпов сынға түссе, 66 келі салмақта Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжанов ел намысын қорғайды. Ал 73 келі салмақта Жансай Смағұлов пен Бекәділ Шаймерденов, сондай-ақ, 81 келі салмақта Дидар Хамза боз кілемге шығады. 90 келі салмақта Ерасыл Болат ел намысын қорғаса, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Виктор Демяненько, ал аса ауыр салмақта Ғалымжан Қырықбай мен Еламан Ерғалиев сынға түседі.

Қыздар арасындағы бәсекеде 48 келі салмақта Ақмарал Науатбек, 57 келі салмақта Анна Казюлина мен Севара Нышанбаева ел намысын қорғамақ. Ал 63 келі салмақта Иоланта Бердібековаға үміт артсақ, 70 келі салмақта отандасымыз Аэлита Щербакова мен Зере Бектасқызы сынға түседі. 78 келіге дейінгі салмақта Зарина Райфоваға сенім артсақ, аса ауыр салмақта қос аруымыз Гүлжан Исанова мен Камила Берлікаш ел намысын қорғайды.


Фото: taurasfitness.ru/i