Дзюдо: Аруна Жангелдина Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

Фото: Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Гонконг қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатының үшінші жарыс күні әйелдер арасынан қазақстандық Аруна Жангелдина жартылай финалға шықты.

Атап айтсақ отандасымыз ширек финалда өзбекстандық дзюдошы Ирисхон Құрбанбаевадан айласын асырып, қарсыласын жарыс жолынан тайдырды.

Жангелдина алғашқы айналымында қырғызстандық дзюдошының жауырынын жерге тигізді.

Осы салмақтағы тағы бір отандасымыз Маргарита Гриценко бірінші белдесуінде Тайпей спортшысын таза ұтты. Алайда, ширек финалда жапон балуанынан ұтылып қалды.

Сонымен қатар аса ауыр салмақтағы (+78 келі) Камила Берліқаш пен Ақерке Рамазанова Азия чемпионатының алғашқы айналымында қарсыласына есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады.

Естеріңізге сала кетсек, аталған сары құрлық додасының бірінші жарыс күні әйелдер арасында 48 келі салмақта Ғалия Тынбаева мен ерлер арасында Жанарыс Рахметқали алғаш рет Азия чемпионатының жүлдесін мойнына тақты.

Ал кеше, яғни екінші жарыс күні тек Эсмигуль Куюлова қола медаль жеңіп алды. 

Айта кетейік, Азия чемпионатының жеңімпазы рейтингте 700, күміс жүлдегер 490 ұпай алса, қола медаль алған 2 дзюдошыға 350 балл қосылады.

Аталған Сарықұрлық додасында 34 елдің 262 таңдаулы татами шеберлері өзара кім мықтыны анықтап жатыр.