НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Бауыржан Нарбаев Тель-Авивте (Израиль) дзюдодан өтіп жатқан әлемдік «Grand Slam» турнирінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Б.Нарбаев 60 келіге дейінгі салмақта финалда ғана украиналық Артем Лесюкке жол берді.
Тағы бір қазақстандық Мағжан Шамшадин дәл осы салмақта үздік үштікке ілікті. Ол қола жүлде үшін әзербайжандық Карамат Гусейновпен белдесуі керек еді. Алайда қарсыласы татамиге шықпай қалды да, жеңіс Мағжанға берілді.
Бұл – дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының биылғы алғашқы жарысы.
Осы додада 66 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Елдос Сметов екінші белдесуінде қарсыласына есе жіберіп алды.
Сондай-ақ 66 кг салмақта күрескен Ғұсман Қырғызбаев қола жүлде үшін белдесуде украиналық Богдан Ядовтан ұтылып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елдос Сметовтің әлемдік турнирге жаңа салмақта қатысатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).