Дзюдо: Бес балуанымыз Азия біріншілігінің қола медаліне таласады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық бес балуан Қытайдың Гонконг қаласында дзюдодан өтіп жатқан Азия чемпионатының қола жүлдесіне таласады.
Атап айтсақ, Гонконгта өтіп жатқан Азия чемпионатында Ұлттық құраманың 3 дзюдошысы жартылай финалда қарсыласына есе жіберді.
Абиба Абужақынова (-48 кг) мен Ғұсман Қырғызбаев (-66 кг) голден-скорда моңғолиялық қарсыласынан ұтылды. Ал Нұрқанат Серікбаев (-60 кг) Токио Олимпиадасының күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022 жыл) Ян Юнвэйге шидо саны бойынша жол берді.
Жұбаныш белдесуінде Ғалия Тынбаева (-48 кг) Су Сонг Жонның жолын кессе, ал Жанарыс Рахметқали (-66 кг) қырғыз спортшысы Қуанышбек Айбекуулудан айласын асырды.
Енді кешкі сессияда Абиба мен Ғалия, Ғұсман мен Жанарыс қола медаль үшін бір-бірімен күреседі.
Нұрқанат Серікбаев жұбаныш кездесуінде қарсыласы Елдос Сметовтен басым болған моңғолиялық дзюдошымен күш сынасады.
Аталған турнирде қазақстандық Олимпиада ойындарының жүлдегері Елдос Сметов ширек финалдан ары аса алмады. Ол Азия чемпионатының ширек финалында 3 рет ескерту алып,
2023 жылғы Универсиаданың жеңімпазы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы (2022 жыл) жапондық Тайки Накамураға жол берді.
Енді Елдос Сметов қола медаль жолында жұбаныш белдесуіне шығады.
Отандасымыз алғашқы белдесуінде Солтүстік Корея дзюдошысын голден-скорда ұтқан.