АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошы Дидар Хамза Әбу-Дабиде өтіп жатқан «Grand Slam» турнирінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан дзюдо федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 81 кг салмақта татамиге шыққан Дидар жұбаныш финалында әлем чемпионы, иран палуаны Саид Моллаидан басым түсті.
Турнир барысында Д.Хамза алдымен қырғызстандық Владимир Золоевты, сосын ресейлік Аслан Лаппинаговты жеңді. Ширек финалда Израиль елінің өкілі Муки Сагиге есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде болгариялық Ивайло Ивановты ұтып, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.
Бұл - қазақстандықтардың "Grand Slam" турниріндегі үшінші медалі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ержан Серікжановтың күміс, Ғұсман Қырғызбаевтың қола жүлде алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).