ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан Masters турнирінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елдос 60 кг салмақта іріктеу сайысында АҚШ пен Испания балуандарын тізе бүктірді.
Өз тобындағы шешуші бәсекеде өзбекстандық Шарафуддин Луфтиллаевпен кездесті. Тартысты белдесу «алтын ұпайға» дейін созылып, Елдос қосымша уақытта вазари әдісімен басым түсті.
Жартылай финалда Е.Сметов ресейлік Роберт Мшвидобадзеге есе жіберді. Кейін осы балуан финалда грузиялық қарсыласын ұтып, чемпион атанды.
Қазақстандық дзюдошы қола жүлде үшін бәсекеде тағы бір ресейлік Ислам Яшуевтің меселін қайырды.
66 кг салмақта күрескен Елдос Жұмаханов та қола жүлдеге жақын тұрды. Алайда ол шешуші белдесуде моңғол балуанынан таза жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).