60 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген отандасымыз Сметов ширек финалда ресейлік Рамазан Абдулаевқа есе жіберген болатын. Алайда, жұбаныш белдесуінде қазақстандық татами шебері түрікменстандық Айбек Өміровті «иппон» әдісімен жеңіп, жүлделі орын алуға таласатын болды.
Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына екі мәрте жүлде сыйлаған Сметов соңғы жылдары бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмай келеді.
Айта кетейік, елорда төрінде өтіп жатқан бұл жарыста Париж Олимпиадасының соңғы лицензялары сарапқа салынып жатыр. Аталған додаға әлемнің 92 елінен 519 татами шебері қатысуда. Сынға түсіп жатқан балуандардың қатарында 3 Олимпиада, 13 әлем чемпионы бар.
Бұл бәсекенің нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін – 1 000, ІІ орын үшін – 700, ал, ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептеледі.