АСТАНА. ҚазАқпарат - Италия астанасы Рим қаласында өтіп жатқан дзюдодан ерлер арасындағы Еуропа кубогында Қазақстан қоржынына бір күміс және қола медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан дзюдо федерациясының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.
Еуропа кубогында 60 келіде финалға шыққан Дәурен Сүйкенов күміс медальды қанағат тұтты. Ол ақтық сында әзербайжандық Оруж Вализадаға есе жіберіп қойды.
Бауыржан Жауынтаев бүгінгі жұбаныш финалында моңғолиялық Энхтайван Арюнболдты қосымша уақытта иппонмен жеңді. Бұл жеңіс Бауыржанға қола жүлде сыйлады.
Ал тағы бір балуанымыз 66 келіде Ерлан Жақсыбеков 5-орынмен аяқтады. Ол жұбаныш финалында испаниялық Даниел Роман Перезге есе жіберді.
Айта кетерлігі, аталмыш жарысқа біздің еліміздің құрамасы сапында 22 балуан қатысты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.