ҚР Дзюдо федерациясы мәлім еткендей, федерация президенті Қуанышбек Есекеевтің жетекшілігімен өткен кеште 2024 жылғы спорт маусымында жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген спортшылар ақшалай сыйлыққа ие болды.
Grand Slam кезеңдерінің күміс-қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова 1.7 млн, Grand Slam жарысының жеңімпазы Нұрқанат Серікбаев - 1 млн, Grand Slam кезеңдерінің қола жүлдегерлері Нұрлыхан Шархан, Данияр Шамшаев және Ғалия Тынбаева 400 мың теңгелік сертификаттармен марапатталды.
Іс-шара соңында Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев дзюдошыларға алдағы Азия чемпионатына сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін дзюдодан 20-22 сәуір аралығында Гонконгта өтетін XXXII Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайтыны туралы жазған болатынбыз.
Азия чемпионатында 1-орынға — 700 ұпай, күміс жүлдегерге — 490 ұпай, қола медаль алғандарға 350 ұпай беріледі.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 1993 жылдан бері Азия чемпионатына қатысып, 14 алтын, 24 күміс, 77 қола жеңіп алған.